
Достық үйінің мәжіліс залында Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселері жөніндегі Үндеуіне орай, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыстық, қалалық қоғамдық келісім кеңесінің, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының оқытушылары, ғылыми-сарапшылық топ мүшелері қатысты.
Кеңес отырысын облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Асылбек Жұмабаев жүргізді. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі, М.Жүсіпбекова, қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы С.Әбішев, саясаттанушы Б.Үсенбаев сөз сөйледі.
Отырыс барысында «Қоғамдық келісім» КММ-нің аға сарапшысы Б.Үсенбаев саясаттанушы ретінде өз ойын білдірді. «Қазақстанда билік тармақтарын бөлу процессі саяси тұрақтылыққа, ұлттық бірліктің күшеюіне ықпалын тигізуі қажет. Бұның бірден-бір жолы – азаматтардың жергілікті деңгейде қоғамдық бағдарламаларды бақылауы. Қазақстан үшін билік пен басқару жүйесінің орталықтандыру мен бөлінуі арасында тиімді баланс сақтаған жөн. Осы тұрғыда, өкілетті заң шығарушы орган демократия принциптеріне негізделген билік бөлінісі саясатын іске асыру барысында Үкіметті жасақтап, бақылаушылық функциясын дамыту қажет. Елімізде дамыған демократиялық мемлекеттер қатарына қосылу беталысы және осы жолда қарқынды дамуы барлық азаматтардың болашаққа деген сенімін едәуір арттыруда. Елбасының ұсынысы және жеке басқаруымен жетілдіріліп жатқан жалпыұлттық саяси реформалар бағдарламасы да, өз кезегінде, демократиялық принциптерді берік ұстанудың айқын дәлелі»,-деді.
Сондай-ақ, қатысушылар отырыс аясында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 25 қаңтардағы билік бөлінісіне байланысты айтылған ұсынысы мезгілінде білдірілген бастама. Елбасының осындай үлкен саяси қадамға баруы өте көрегенділікпен өзінің елі үшін, оның болашағы үшін, Қазақстанның алдыңғы елдер қатарына қосу үшін, бірегейлік пен бірлікте өмір сүру қажеттігі, оған қалай қол жеткізуге болатындығы жайлы мәселелерді саралауынан туындап отыр. Жаңа өзгерістер мемлекеттің дамуын жаңа кезеңге шығарады және мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер етеді деген ой пікірлерін ортаға салып, жиынды қорытындылады.