
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайызға кем отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа ережелері енгізіледі. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, аталған төлемдер отбасының барлық мүшелеріне төленетін болады.
«Отбасындағы әрбір адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына тең келетін төлем жасалады. Былтыр бізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 22 мың теңге көлемінде болды, оның 60 пайызы шамамен адам басына 13 мың теңге болады. Сонда отбасында бес адам болса, 65 мың теңге шығады», - деді Жақыпова.
Дегенмен егер отбасындағы адамдардың бірі ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, бұл төлемдер отбасындағы еңбекке қабілетті адамдарға берілетін әлеуметтік көмек көлемі 50 пайызға дейін төмендетіледі. Екінші мәрте қайталанса, төлемдер тоқтатылады. Бірақ балаларға тағайындалған қаражат төлене береді.
Оның айтуынша, отбасы ішінде еңбекке жарамды мүшелердің болмаған жағдайда қаржылай әлеуметтік көмек ешқандай шартсыз-ақ төлене береді. Оларға жұмысқа орналасу талаптары қойылмайды. Ал егер жанұяда кемінде бір адам еңбекке қабілетті болса, оған жұмыспен қамту шараларына қатысты талаптарды орындау қажет болады.
Әлеуметтік келісімшарт жасаған кезде, тараптар өздеріне бірқатар жауапкершіліктер алады. Әлеуметтік қызмет оларды жұмыспен қамтуға атсалысады. Ал отбасындағы еңбекке жарамды жандар оған ерікті түрде өз тарапынан үлес қосулары тиіс. Адамға қаржылай көмек қана емес, жұмысқа орналасуға көмек жасалады. Жұмыс табылмаса, мемлекет есебінен қосымша мамандықтарға оқытылады және білімі жетілдіріледі.