
Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздерінің есебінен Қызылорда облысында 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2015 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 17 пайызға артық.
Облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтің халықпен есептік кездесуінде атап өткендей, 2016 жылы мемлекеттік қаржыландырудың есебінен ғана 36 көп қабатты үй пайдалануға беріліп, 1864 отбасы жаңа тұрғын үйге қол жеткізді. Өткен жылы Қызылорда қаласында барлығы 80 көп қабатты үй салынды. Ондағы 4000 пәтер 2015 жылдағыдан 2 есеге көп. Сондай-ақ биыл жеке тұрғын үйлер құрылысына қажетті алаңдарды әзірлеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Бұл мақсатқа өткен жылы 17 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұдан басқа, көп жылдардан бері алғаш рет аудандарға да 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрымның құрылысын ауқымды түрде жүргізу тұрғын үй құрылысының жандануына әкеледі. Мәселен, былтыр облыс орталығында 980 га аумақты алып жатқан «Бәйтерек» жаңа шағынауданы ашылды. Онда 6600 жеке жер телімдерінде 36 мыңнан астам халық тұратын болады. Бұл дегеніміз - толыққанды кішігірім қалашыққа айналады деген сөз»,- деді облыс әкімі. Соңғы үш жылда облыс орталығында тиімді тұрғын үй бағдарламасының арқасында 11 шағынаудан бой көтерді. «Мұнан бөлек, «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының бойында 150 га жер телімінің жұмыс жоспары дайын тұр. Келесі кезеңде осы аумақтың инженерлік инфрақұрылымын жүргізуді бастаймыз. Бұл жұмыстар барысында тағы да қосымша 1200 жер телімін бөлуге мүмкіндік туады»,- деді Қырымбек Көшербаев.
Облыс әкімі Қызылорда қаласында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселелері де қарқынды жүргізіліп жатқанына тоқталып өтті. «Жергілікті бюджет қаражаты есебінен көпқабатты апатты үйлер мәселесін де шешетін боламыз (38 үй, 503 пәтер). 2016 жылы апатты үйлерде тұрған 324 отбасына жаңа пәтер берілді. Осылайша, бүгінде біз апатты пәтерлердің 60 пайызға жуығының мәселесін шештік (қалғаны - 32 үй, 179 пәтер). 2017 жылы бюджет мүмкіндігіне қарай бұл жұмысты жалғастыратын боламыз»,- деді аймақ басшысы.