
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына биыл 28 жыл. Атаулы күнді кейінгі ұрпақ есіне сақтау мақсатында облыс орталығындағы №5 И.В.Панфилов атындағы мектепте қос бөлімнен тұратын ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Алғашқы шарада алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі В.Уалиевтың "Ауғанстан − біз Отан алдындағы борышымызды өтедік!" атты тақырыпта ашық тәрбие сағаты өткізілді. Оқушылармен кездесуге Ауған соғысы ардагері, генерал-майор Ә.Ерниязов, "Ерлік" үйлестіру қоғамынан Қ.Баймаханов келді.
Кездесу барысында ардагерлер жас жеткіншектерге Ауған күнінің тарихы туралы сыр шертті. Генерал-майор Әлімжан Қанағатұлы, «Елімізде тек бейбітшілік болсын!» − деген ұранмен, болашақтарына сәттілік тіледі. Шара барысында балаларға алғашқы әскерге шақыру учаскілеріне тіркеу куәліктерін табыстады.
Екінші кезең мектеп спорт залында №5,8,9,136,176,178,187,211,233 білім ошақтарының оқушыларының қатысуымен сайыс ұйымдастырылды. Оқушылар газ тұмылдырығын кию, АК-74 калашников автоматын шашып-жинау, қос сырықты бүгіп жазу, кешенді күштік жаттығулар мен эстафеталық ойындардан бақтарын сынады.
Белсенді қатысқан №8 П.Д.Осипенка атындағы мектеп оқушылары I орынды иеленді. Ал II және III орын №136 Т.Жүргенов атындағы және №176 орта мектепке бұйырды. Жарыс жеңімпаздарын "Ерлік" үйлестіру қоғамының төрағасы Қ.Баймаханов арнайы сыйлықтармен марапаттады.