Жастар Жолдауды талқылады

Дарын ғылыми-практикалық орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуіне, жуырда жарияланған "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты халыққа Жолдауына қатысты онлайн бейне-конференция өтті. Оған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев, "Жастар ресурстық орталығы” КММ директоры Жасұлан Алдабергенов, "Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Сабанбаев пен "Қызылорда облыстық жастар одақтары” ҚБ төрағасы Серік Әбіл қатысып, 30 озық  елдің қатарына ілгерілеуге лайықталған негізгі бес басымдық жайында тарқатып айтты.
– Биылғы жолдау технологиялық бәсекелестікке ұмтылуға негізделген. Осы тұста бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, "Қазақстан-2050” стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір екенін айтқым келеді. Әсіресе, жастар үшін Елбасының басты құжаты өзгеріске толы. Инттеллектуалды ұлт бағытында білім саласына ерекше көңіл бөлінген. Қазақстандықтар бәсекеге қабілетті маман болу қажет. Мұнда IT-технологияны игеру, қаржылық сауаттылықты қалыптастырып, ұлтжандылықты дамыту мәселесі де көтерілген. Тапсырмаға сәйкес, 2019 жылдан бастап жоғары сынып оқушылары маңызды пәндерді ағылшын тілінде оқитын болады. Техникалық мамандық тегін беріледі. Енді жастар алдында тек бар мүмкіндікті пайдаланып, білім алып, елге қалтқысыз еңбек ету міндеті  тұр. Себебі сонда ғана еліміз бұданда биік белесті бағындырып, бай қуатты мемлекетке айнала алады, – деді Е.Меңлібаев.
М.СНАДИН.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2017 г. 514 0