Дүлдүлдерді сөзбен тосқан

Дүлдүлдерді сөзбен тосқанМахамбетқали Тұрсанов – Сыр өңіріне кеңінен танымал. Сонау сексенінші жылдары айтыс өнері қайта жандана бастаған тұста сахнада жыр тасқынын селдетіп, ауыздығымен алысқан талай айтыс дүлдүлдерін сөзбен тосты. Арқалы да адуын ақын халықтың тіршілігі мен ұлтымыздың ұлағатты өмірін жырға қосты. Міне, сол атақты ақын сексен жастың сеңгіріне көтеріліп, өзінің ақсақалдық арда жолын жалғастырып келеді.
Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылында айтыскер ақынның 80 жасқа толу құрметіне орай шара ұйымдастырылды. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев айтыс дүлдүліне ыстық лебізін білдіріп, иығына шапан жапты. «Сізді жамағатыңыз айтыс өнерінде өшпес із қалдырған жан ретінде таниды» деп өзінің жүрекжарды лебізін де арнады.
Кездесу кешін «Нартай» өнер мектебінің директоры Құрманбек Бекпейісов жүргізіп, кейіпкермен бірге жүрген кезең естеліктерін қалың көрерменмен бөлісіп отырды. Ақынның ізбасар шәкірттері Кенжебай Жүсіп, Рахматулла Жолтаев, Талғат Күзембаев, Ержан Әміровтер арнау өлеңдерін жеткізді. Айтыскер ақынның алғашқы еңбек жолы басталған Шиелі аграрлы-индустриалды колледжі ұжымы өнерлерін жалғастырды. Колледж студенттері ақынның бірнеше өлеңдерін оқып, әр кезеңдердегі айтыстарынан үзінді келтірді.  
Ал, «Нартай» өнер мектебінің өнерпаздар Сыр сүлейлерінің жалғасы болған Махаңның толғау-термелерін орындаса, жерлестері ақсақалды құрметтеп, ат мінгізді.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2017 г. 621 0