
Қазіргі таңда облыста салауатты өмір салтын ұстану және спортпен айналысу бұқаралық сипат алып, соның нәтижесінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 203594 адамға жетіп отыр. Бұл – облыс тұрғындарының 26,4 пайызына тең деген сөз.
Жалпы, өткен жылы бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 1500-ден аса бұқаралық спорт шарасы өткізіліп, оған 500 мыңға тарта адам қатысқан. Сондай-ақ, жоғары шеберлік деңгейіндегі спортшыларды дайындау мақсатында өткізілген 201 оқу-спорттық жиынға 2015 спортшы, ал, 283 халықаралық және республикалық жарыстарға облыстың 2616 спортшысы қатысыпты.
2016 жылдың басты жаңалығы – Бразилия мемлекетінің астанасы Рио Де Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиада ойындары десек, онда облыстан 3 спортшы бақ сынаған еді. Ғаламдық аламанда ауыр атлет Александр Зайчиков қола жүлдені иеленсе, еркін күрес шебері Ғалымжан Өсербаевтың еншісіне бесінші орын бұйырды. Ал, таэквондошы қызымыз Айнұр Есбергенова жақсы тәжірибе жинап қайтты.
Айдынды Аралдың тумасы, жас талант Элизабет Тұрсынбаева Норвегия елінде өткен қысқы жасөспірімдер олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан қола медальді жеңіп алды.
Қызылорданың «Қайсар» гандбол командасы алғаш рет жалауы желбіреген әйелдер арасындағы клубтар лигасы Азия чемпионатының жеңімпазы атанса, «Қайсар» футбол командасы еліміздің премьер-лигасына жолдаманы ұтып алды.
Спортты жанына серік еткен Сыр саңлақтары өткен жылы ел чемпионаттары мен халықаралық додаларда 203 алтын, 203 күміс және 289 қола медаль иеленген болса, Азия және Әлем чемпионатында 17 алтын, 13 күміс және 17 қола медальді өңірлерінде жарқыратты.
Жасалып жатқан жұмыстар нәтижесінде еліміздің ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсететін спортшылар саны да артуда. Соның дәлеліндей, бүгінгі күні ұлттық құрама қатарына 395 қызылордалық алынып отыр.
Сыр спортшылары арасынан былтыр бір Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 8 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 45 ҚР спорт шебері мен 639 ҚР спорт шеберлігіне үміткерлер дайындалса, бар білгендерін шәкірттеріне үйретуші үш бапкер ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды.
2016 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы Орталық стадионның қосалқы футбол алаңына қайта жаңғырту жұмыстары басталса, облыста қысқы спорт түрлерін дамыту жұмыстары да қолға алынуда. Соның айқын дәлеліндей шорт-трек бөлімшесі ашылып, қазіргі таңда мұнда 42 бала шұғылдануда.