Халық денсаулығына қамқорлық

Халық денсаулығына қамқорлықБірінші байлық – денсаулық демекші, тұрғындар саулығын сақтау, аурудың алдын алу бағытында аймақта көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі.
2016 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының көлемі 32,9 млрд теңгені құрады. Өткен жылы өңірде 18743 нәресте дүниеге келген. Ал, жалпы өлім көрсеткіші 2015 жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға азайған.
Есепті мерзімде жалпы өлім-жітім себептерінің 52 пайызын құрайтын аурулардың 5 негізгі нозологиясы, яғни, жіті миокард инфаркты, ми қан айналымының жіті бұзылысы, қатерлі ісіктер, жарақаттар, жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологиясы бойынша Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Осы орайда емхана ұйымдарында барлық бес бағыт бойынша 89 мамандандырылған кабинет ашылды.  Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарын қымбат тұратын диагностикалық зерттеулеріне қолжетімділігін арттыру мақсатында өткен жылы бірінші рет МРТ зерттеулеріне мемлекеттік сұраныс жеке секторға орналастырылып, нәтижесінде БМСК ұйымдарының жолдамасымен тегін МРТ зерттеуімен 2250 науқас қамтылған.
Былтыр қатерлі ісікке шалдыққан ауыр науқастардың өмірін ұзарту, күтуге бағытталған паллиативтік көмек көрсету үшін онкология орталығынан 15 төсекті паллиативтік бөлімше ашылды және аудандық ауруханаларда арнайы 35 төсек-орын бөлінген.
Жол картасы аясында жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеге 28 дана меди-циналық құрал-жабдық алынған. Жалпы, есепті мерзімде саланы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау көрсеткіші 60 пайыздан 70,2 пайызға жоғарылаған. Сонымен бірге, жыл басынан жоспарланған 70 маманның 90 пайызы оқытылған, нәтижесінде кадрмен қамтылу көрсеткіші 37,5 пайыздан 79,1 пайызға өскен.
Қан айналым жүйесі асқынуларының алдын алу мақсатында 2 мыңнан астам жүрек пен бас миының тамырларына ота жасалып, ота жасау 2015 жылмен салыстырғанда, 15 пайызға артқан. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қан айналым жүйесінен өлім-жітім көрсеткіші 21,6 пайызға төмендеген. Туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 2015 жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға азайған.
Өткен жылы ана өлім-жітімін болдырмау, сәби өлімін төмендету бойынша біршама жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда,  елді мекендерде медициналық көмектің сапасын арттыру, облыстық перинаталдық орталыққа түсетін жүктемені төмендету мақсатында Арал, Жаңақорған және Қармақшы аудандары орталықтарының босану бөлімдері өңірлендірудің екінші деңгейіне өткізілген. Оған қоса, жыл басынан облыстық перинаталды орталығынан ауыр босанған әйелдерге арналған 30 төсектік босанғаннан кейінгі оңалту бөлімшесі ашылды. Нәтижесінде өткен жылы нәресте өлім-жітім көрсеткіші  5,9 пайызға, ана өлімі 88,4 пайызға төмендеген.
Ашылған офтальмохирургиялық орталыққа жергілікті бюджеттен 90 млн теңгеге жоғары диагностикалық құрал-жабдықтар алынып, 2015 жылмен салыстырғанда, жасалған ота санының екі есе өсуіне септігін тигізді. Алғаш рет глаукома кабинеті ашылып, екі мыңнан астам науқас есепке алынған. Сонымен бірге Байқоңыр қаласында облыстық медициналық орталығының филиалы ашылды. Қалалық жедел жәрдем стансасына облыстық статусы беріліп, аудандық жедел жәрдем бөлімдері біріктірілді.  

Айнұр БАТТАЛОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2017 г. 598 0