Болашаққа инвестиция

Болашаққа инвестиция2015 жылы Қызылордада жәутеңкөздер үйі жабылды. Оның орнына облыс әкімінің тікелей қолдауымен, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының демеушілігімен отбасылық үлгідегі балалар ауылы бой көтерді. Аты да құлаққа жағымды – «Атамекен». Онда 8 коттедж орналасқан. Әр шаңырақтың «Сарыарқа», «Оқжетпес», «Үшқоңыр», «Байқоңыр», «Алатау» деген өз атауы бар. Мемлекет әке мен шешенің орнын алмастыра алмайды. Бірақ сол ауылдың табалдырығынан аттаған сәтте отбасылық жылу сезіледі. Балалар тәрбиешісін «мама» дегенде жүрегің елжірейді. Бұл жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ үшін басты жаңалық болғаны рас.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы күні Сыр өңірінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мыңға жуық бала бар. Соның басым бөлігі отбасы тәрбиесінде, басқалары арнайы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында тәрбиеленуде. Өткен оқу жылында балалар ауылының 10 түлегі түгелдей кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына оқуға түсті. Бір оқушы Мәскеу мемлекеттік институтында грант негізінде оқып жатыр.
Өткен жыл білім саласында оң өзгерістермен айшықталды. ҰБТ-ға қатысушылар саны алдыңғы жылға қарағанда 3,7 пайызға артып, түлектер 81,7 балмен облысты 13-орыннан 5-орынға бір-ақ көтеріп, көңілді бірледі. 143 түлек «Алтын белгі» иеленді. Мектеп бітіргендердің 94,6 пайызы колледждер мен ЖОО-ларға оқуға түсті.
2016-2017 оқу жылының нәтижесімен 31 колледж 22428 жасты еңбек нарығына қажетті 97 мамандыққа баулуда. Сұранысқа және соңғы екі-үш жылда жүргізілген салаландыру жұмыстарына сәйкес, 23 жаңа мамандық ашылып, 17 мамандық бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастыру тоқтатылды. 2015-2016 оқу жылында кәсіптік білім алып шыққан 6505 студенттің 67,9 пайызы, оның ішінде мемлекеттік тапсырыспен бітірген 4 417 жастың 73,7 пайызы жұмысқа орналасты.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 77-қадамына сәйкес, еліміздің 6 негізгі саласы үшін білікті кадрлар даярлайтын 10 алдыңғы қатарлы колледждің тізімі түзілді. Олардың қатарында И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық колледжі де бар. Ұлт жоспарының 79-қадамында мектептердің жоғары сыныптары мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқыту жүйесін енгізу міндеттелді. Осыған байланысты облыс әкімдігі мен «КАТЕV» халықаралық қоры өзара меморандум қабылдады. Соған сәйкес, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі бірқатар пәнді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерді даярлауға кірісті. Бұл – республикадағы алғашқы пилоттық жоба.     
Бүгінде облыстың 390 түлегі Ресейдің жетекші оқу орындарында білім гранттары бойынша білім алуда, оның 110-ы 2016 жылдың түлектері.

Назерке САНИЯЗОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2017 г. 512 0