Ресейдің балық зауыты

Ресейдің балық зауытыМәскеуліктер Сырда өскен қауынды сүйсіне жейді. Себеп сол, біздің топырақта тамырлаған қауын-қарбыз өзіне тән дәмге ие. Сондай-ақ, олар суымызда не сиқыр барын біле алмай таңдай қағысады. Шетел асқан Арал балығына сұраныстың арта түсуі бұл сөзімізге дәлел. Ол аз десеңіз, Ресей Федерациясының Ульяновск облысында екі елдің кәсіпкерлері бірлесіп балық өңдеу зауытын іске қосты. Арал теңізінен сүзілген дайын балық өнімдері бүгінде Москва, Санкт-Петербург, Нижний Новгород, Самара, Дондағы Ростовта, Қазан қалаларында сатылуда.
Рас, суға толған Кіші теңіз балықшыларымызды атакәсіппен қауыштырды. Ауланатын су маржандарының түрлері көбейіп, балық зауыттарының саны артып келеді. Бұл жетістіктер жыл сайын көбейе түсетіндігіне ешкім шүбә келтіре алмайды. Өйткені, теңіз төсіндегі елдің келешекке сенімі бекем.
Тарихқа көз тігіп отырсақ, біздің балықшылардың сырт елде зауыт салғаны жоқ. Еуразиялық Одақ құрылғанда аралдық кәсіпкер, "СПК Қызылорда балық” ЖШС-ның директоры Аманбай Ерхатов тың бастаманы қолға алуды ойлады. Ойдағысы оңынан орындалып, 2015 жылы ресейлік кәсіпкермен бірлесіп, Ульяновск облысында «Димитровград балық өлкесі» балық өңдеу зауытын іске қосты. Шикізат қойнауы құтты Арал теңізінен тасылады. Өңделетін өнім түрлері сан алуан. Көршілеріміз, әсіресе, қақталған балықты жиі қолқалайтын көрінеді. "СПК Қызылорда балық” ЖШС-ның атқарушы директоры Ғалымжан Зейнадинұлының айтуынша, бүгінгі таңда зауытқа 20 тоннаның үстінде балық жөнелтіліп отыр. Негізі балық зауыты жылына 1500 тонна балық өнімін шығаруға қауқарлы.
Заманауи технологиямен жабдықталған Ресейдегі зауыт 100-ге жуық адам жұмыспен қамтыған. Мың шаршы метр аумаққа орналасқан нысанның бой көтеруі Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығының, Еуразиялық Одақ құрылуының нәтижесі. Сондай-ақ, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының балық шаруашылығын дамытудағы тың бастамалары өз үлесін қосқаны анық. Қызылордада өткен телекөпірде ресейлік әріптестеріміз өндірістің қалыпты жұмыс істеп, экономикаға өзіндік үлес қосып отырғанын айрықша атады. Сөйтіп, аралдықтар Ресейге зауыт салып, Еуропаға балық жөнелтіп отыр.
Сөзімізді балық шаруашылығының дамуына қатысты деректермен түйіндесек... САРАТС-1 жобасын жүзеге асыру нәтижесінде соңғы 4 жылда балық аулау  65 пайызға көбейді. Мешін жылы облыс бойынша ауланған балық көлемі 7883 тоннаны құрады. Қазіргі таңда облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл зауыттарда 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өткен жылы Ресей мен Еуропаға барлығы 3604 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды.
 
Нағымжан САУЯЕВ.
Ресейдің балық зауыты
 

Ресейдің балық зауыты
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2017 г. 745 0