Өресі биік өнер мен мәдениет

Өресі биік өнер мен мәдениетСыр өңіріндегі атадан балаға мұра болып, саф алтындай сақталып келе жатқан өнер өрнегі уақытпен түрлене түсті. Өткен жыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен ел есіне, тарих парағына таңбаланғандықтан, мәдени шаралардың барлығы да ұлық мереке құрметіне  орайластырылды.
Аймақтағы өнер мекемелерінің қара шаңырағы – Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының репертуары  6 жаңа спектакльмен толықты. Облыстық  филармония концерттеріне 80 мыңнан аса көрермен тартылды. Өнерпаздар 62 гастрольдік, 23 қайырымдылық  концерт қойды. Балалар мен жастарға мәдени-рухани қызмет көрсетудің жай-күйіне сараптама жүргізілген еді. Қызылорда қалалық мәдениет үйі жанынан жастар театры мен облыстық филармония жанынан балалар музыкалық театр-студиясын құру идеясы іс жүзіне асты.
Алыс-жақын шет елдермен мәдени байланыс орныға түсті. Облыстық филармонияның «Томирис» би ансамблі  Түркияда, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында өткен Наурыз мерекесіне қатысып, өнер көрсетті. Филармонияның өнер ұжымы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ресейдің Орынбор қаласында, Ташкентте, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Тараз қаласында және өңіріміздің елді мекендерінде гастрольдік концерттер ұйымдастырды.
Сала көрсеткіштерінің бірі – халықаралық, республикалық конкурс-фестивальдарға талантты балалар мен шығармашылық ұжымдарды қатыстыру болса, бұл бағытта да қол жеткен жетістіктер бар. Өнерлі балалар халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында, Баку қаласында, Грузияда өткен халықаралық конкурстарда көш бастады. Халықтық ұжымдар да түрлі деңгейдегі конкурстарда «ел іші – өнер кеніші» екенін дәлелдеп келеді. Облыстық филармонияның камералық оркестрі Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Әуен Fest» камералық оркестрлердің республикалық фестивалінде,  драма театр ұжымы Ақтау қаласында өткен «Әбіш әлемі» атты  республикалық театр фестивалінде үздік өнер көрсетті.
Былтыр Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Тәуелсіздік және Әбіш Кекілбаев әлемі» тақырыбындағы республикалық ғылыми конференция өтті. Ғылыми конференцияда заманымыздың заңғар жазушысының қайраткерлік тұлғасына байланысты көптеген әсерлі естеліктер айтылды. Кекілбаев шығармашылығына байланысты тұшымды ой-пікірлер ортаға салынды.
Ұлтымыздың ұлық мерекесі қарсаңында Қызылордада тұңғыш рет Халықаралық ақындар айтысы өтіп, оған 16 ақын қатысты. Жыр бәйгесінің бас жүлдесі Сырдың төл ақыны Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Мерекелі жылы Мұхтар ақын екінші рет «Алтын домбыра» алып,  айтыс өнеріндегі ерен жүйріктігін дәлелдеді.
Қазіргі таңда облыс кітапханаларының кітап қоры 4 млн 491 мың данаға жуық. Оқырмандар сұра¬нысын қанағаттандыру, қорды толықтыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Өткен жылы облыстық бюджеттен 8 мыңға жуық жаңа әдебиет алынды. Оған қоса 1067 кітап цифрланып, олардың саны 3193-ке жетті.
Қайта жаңғыртудан өткізілген облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясы заманауи үлгіде жаңартылып, облыс орталығындағы ірі мәдени орталыққа айналып отыр. Былтыр Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы аясында оның туған ауылындағы күріш өсіру тарихы музейіне жаңа ғимарат салынды.    
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауда ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыс әкімі жанындағы  тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесте қаралған мәселелер бойынша нақты хаттамалық тапсырмалар беріліп, орындалуда.
Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының кезекті отырысы Қызылорда облысында ұйымдастырылды. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне облыс аумағындағы 9 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Кескен күйік, Шірік Рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдени ескеркіштері және Сауысқандық петроглифтері енгізілген.
Биылғы жылға жоспарланған шаралардың барлығы елімізде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне, Мемлекеттік рәміздердің, таяу және алыс шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылуының 25 жылдығына арналмақ.
Мәдениет саласының мерекелі жылы ұрпаққа үлгі болар ұлағатымен,  ел есінде сақталатын салтанатымен, толайым табыстарымен есте қалды. Алдағы жылы Сыр бойына қонған өнердің өресі биіктейтін кезең боларына күмән жоқ.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.  
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2017 г. 1 009 0