
Асыраушы салада атқарылып жатқан жұмыстар қалың елдің көз алдында. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлкен мән берілуде.
Биылғы жаңалық елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жұмысын бастайды. Бағдарламада субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізілді. Онда субсидия жүйесін жетілдіру, өнімдерді тиімді бағаға сатып алу тетіктері көрсетіледі. Мәселен, өсімдік шаруашылығында гектарға төленетін субсидия қысқартылды. Күріш өндіру технологиясының күрделілігі ескеріліп, өңірдің негізгі дақылына төленетін жеңілдік қалдырылды. Бұған қоса, майлы дақылдар бойынша өңдеуге өткізілетін өнімге мемлекеттің қолдау қаржысы төленеді.
Саланы әртараптандыру маңызды. Сондықтан да аймақта ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша жұмыстар жалғасады. Атап айтқанда, күріш дақылы алқаптарын азайта отырып, есесіне майлы, мал азықтық және картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі ұлғайтылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін жоғарылату мақсатында жоғары сапалы тұқымдарды қолдану және тыңайтқыштарды енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл өз кезегінде агрокешеннің сан салада жұмыс істеуіне бейімдейді.
Мұнда жаңа құрылған кооперативтерді дамытуға бағытталған қолдау бар. Мысалы, былтыр облыста 133 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған еді. Оның 34-і – мал шаруашылығы, 34-і – егін саласы, қалған 65-і көпсалалы кооперативтер. Оларға 746 фермерлік шаруашылық біріккен. Биыл 16 ауылшаруашылық кооперативі құрылады. Аталған кооперативтер енді жаңа бағдарламаға орай мемлекеттің толықтай қолдауына ие болады.
Соңғы жылдары облыста малшылар мен балықшылардың республикалық слетін өткізу қайта жаңғырды. Шаруалар, балықшылар ғылыми-практикалық семинарларда пікірлесіп, өзара тәжірибе алмасты. Оның түпкі мақсаты мал шаруашылығы мен балық өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруды көздейді.
Облыс әкімі слетте агрокешендерді дамыту үшін бізде орасан зор мүмкіндіктер мен резервтер бар екенін, өңірдің экспорттық потенциалын жоғарылату мақсатында бюджеттен қаражат бөлініп, облыстың агрокартасы әзірленіп жатқанын айтқан еді. Агрокарта экспортқа шығатын негізгі өнімдердің нарықтағы сұранысын, қойылатын негізгі талаптарын анықтап береді.
Аймақтың агроөнеркәсіп кешеніне шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Қытай, Иран және Түркия кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізілді. Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы келісім негізінде Жаңақорған ауданына томат пастасын өндіретін зауыт салу шешімін тапты. Оның негізінде тамшылатып суару арқылы қызанақ өсіру жобасы жүзеге асады. Сондай-ақ, инвесторлар түйе сүтін өңдейтін цех салу мәселесін талқылап жатыр. Шиеліде мақсары өсіру жобасы басталмақшы. Өсімдік майын өндіретін зауыт салу жөнінде ирандық инвестормен келісімге қол жеткізілді. Ирандықтар былтыр «Торам» күрішін егіп, жақсы өнім алды. Ал биылдан бастап түріктер өз күрішін Сыр топырағында өсіруді жоспарлап отыр.
Агроөнеркәсіпті дамытуға өз кәсіпкерлеріміздің қатысуымен былтыр өндірістік жылыжайлар құру, тамшылатып суару арқылы картоп өсіру, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасын салу, күріш өңдеу зауыты, құс фермасын салу секілді бірқатар жобалар іске асты. Биыл тағы 4 ірі жоба қолға алынбақ.
Жоғарыда атап өткендей, өнімдерді қайта өңдеу саласын қолдау, сұранысын анықтау және өндірістік қуаттылықтың жүктелуін арттыру үшін облыстың агрокартасы әзірленді. Енді осы карта арқылы агробизнесті дамыту бағытында нәтижелі жұмыс қолға алынады.