
Жергілікті бюджеттің ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі жете бермейді. Сол себепті Елбасы барлық аймақ басшыларына инвестиция тартуды әрдайым айтып келеді. Міне, осы тапсырмаға сәйкес облыс әкімі өңірдің дамуына инвестиция тарту ісін халықаралық қаржы ұйымдарынан бастады. Біздің аймақ халықаралық қаржы институттарымен байланысты арттырып, ынтымақтастық орнатуда республикада көш бастап келеді.
Жалпы, өңір экономикасын дамытуға қаржы көздері ретінде бюджет көздерінен тыс халықаралық қаржы қорлары мен жеке инвестиция тарту ісін қарастыратынымызды, мемлекеттік пен жекеменшік арасындағы әріптестік төрткүл әлемде қолданылатын тәсілдердің ең тиімдісі екендігін аймақ басшысы Қ.Көшербаев облысты басқаруға келген күннен бері айтып келеді. Өңірге тартылған инвестиция көлемі жыл сайын өсуде.
Нақты кезеңде Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азиялық даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі секілді ірі халықаралық қаржы ұйымдарының ресурстарын облысқа тарту жұмыстары жалғасуда. Мысалы, Еуропалық қайта құру және даму банкімен жұмыс барысында жалпы құны 220 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылады. Айта кетейік, оның 4-і облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Аталған жобалар бойынша несиелік келісімге қол қойылып, қаржыландыру басталып кетті. Қазір облыста бірнеше ірі стратегиялық нысандарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Қызылорда қаласын жылумен қамтамасыз ету және Қызылорда облысының электр жүйелерін жаңғырту, Қызылорда қаласын сумен қамтамасыз ету және су тарату жүйесін қайта жаңғырту, сондай-ақ, автобус паркін құру жұмыстары. Бұл жобалардың бәрін жоғарыда аталған ірі қаржылық ұйым қаржыландыруда. Мәселен, өткен жылы автобус паркін құру жобасы аясында облыс орталығына табиғи газбен жүретін 112 автобус әкелініп, қоғамдық көліктер қатарына қосылды. Ал осы жылдың алғашқы бөлігінде автобустық депоның құрылысы аяқталады. Оған облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінді.
Бұған қоса, аталған қаржы ұйымымен бірлесіп жұмыс жасау аясында өткен жылдың қазан айында «Қызылорда қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жою зауытын жаңғырту» жобасы бойынша несиелік келісімге қол қойылды. Бұл жоба қаладағы санитарлық жағдайды жақсартуға, топырақтың және жерасты және жерүсті суларының ластану қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Ал мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі аясында бүгінде құны 22 млрд теңгеден асатын 14 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл –әлеуметтік, экономика және қоғамдық тәртіп саласындағы жобалар.
«Қызылорда қаласындағы «Тарлан» денешынықтыру-сауықтыру кешеніне сервистік қызмет көрсету» жобасы бойынша осы айда жеке әріптеспен қол қойылу күтілсе, сәуір айында қаламызда ауысымына 400 адам қабылдайтын емхана ашу жобасы бойынша келісімге қол қойылмақшы.
Біздің аймақтың халықаралық қаржы институттарымен байланысы уақыт өткен сайын нығайып келеді.