МЕМЛЕКЕТ ҰСЫНҒАН МҮМКІНДІК МОЛ

Мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытуға миллиондарды бөлуден кемі жоқ. Бірақ соны пайдаланып, тірлік істеуге келгенде қызылордалықтар әлі де баяу қимылдауда. Қаланың «Титов» шағын ауданындағы жұртшылықпен жүздесуде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы осындай пікір білдірді.
Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы бизнеспен айналысу үшін дала қазағының да, қала қазағының да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алатынын айтты. «Кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу, қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек», – деді Елбасы. Бізге жетпей жат¬қаны ақпараттың аздығы, білімнің жетімсіздігі болса керек. Әйтпесе, «бірдеңе бастауым керек еді» деген қиял әркімде бар. М.Бақтиярұлы оң қап¬талымыздағы ОҚО халқының кәсіпкерлікке қатысты жайттарды шемішкеше шағатынын, ұйқысы сергек болған соң ұмтылысы ерек екенін үлгі етті. 
Жұрт жылда Жолдаудан зейнетақы, шәкіртақы, жалақы сияқты «шайлығының» көтерілетіні жайлы ақпаратты асыға күтеді. 
– Зейнетақы 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20 пайызға көбейеді. Елбасы келесі жылдан бастап базалық зейнетақыны 1,8 есе арттыруды тапсырды. Демек, осы күнгі есеп 12 802 теңге болса, көбейген кезде 18-19 мыңға дейін барады. Бірінші рет Жолдауға сәйкес ең төменгі күнкөріс шегі қайта қарастырылады. Бүгінде ол 24 859 теңге ғана, – деді сенатор. 
Кездесуде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов та Жолдаудан туындайтын міндеттерге тоқталды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мен «Нұрлы жер» бағдарламасының артықшылықтарын айта келе, халықты мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды. 

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 ақпан 2017 г. 471 0