
Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен құрылған Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Отырыста «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бүкілхалықтық талқылаудың аралық қорытындысы талқыланды.
Қазақстан азаматтары Мемлекет басшысының бүкілхалықтық талқылауға енгізген Заң жобасының базалық ережелерін тұтастай алғанда қолдап отыр. Бұл ретте Республика азаматтарынан Парламенттің рөлін, Үкімет пен жергілікті билік органдарының жауапкершілігін күшейту, құқық қорғау және сот жүйелері қызметінің мәселелері бойынша, сондай-ақ меншік құқығы мәселелері бойынша бес жүзден аса ұсыныстар түсті.
Заң жобасы келіп жатқан ұсыныстарды ескере отырып пысықталып, Елбасының қарауына ұсынылатын болады.