Сырдарияда мұз қатып, қауіп сейілді

Сырдарияда мұз қатып, қауіп сейілді Бүгінгі күні Сырдария деңгейі біршама төмендеді. Оның үстіне күннің күрт сууының салдарынан өзенде су қатты. Бұл судың өткізу мүмкіндігін жеңілдетеді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні бас су қоймасы саналатын қырғыз еліндегі Тоқтағұлда 14 млрд. 380 млн. текше метр су қоры жиналып тұр. Одан төмен қарай секундына 651 текше метр су босатылуда. Ал Шардара су қоймасында қазірде 3 млрд. 734 млн. текше метр су бар. Төмен қарай секундына 500 текше метр су жіберілуде. Оның 300 текше метрін Көксарай су реттегіші қабылдаса, қалғаны дария бойымен төмен түсіп жатыр. Көсарайдағы судың қазіргі көлемі 2 млрд. текше метрге жуықтап келеді. Жолшыбай Арыс өзенінен секундына 40 текше метр су қосылуда.
Сонымен бірге келісім бойынша өзбек ағайындардың Арнасайына 100 текше метр бөлінуде. Осы күндері Қызылорда су торабынан секундына 300 текше метр су өтуде. Дарияда толықтай мұз қатты. Бұл да судың өту мүмкіндігін арттырады. Қазалы ауданындағы дариядағы мұздың қалыңдығы 43 сантиметрді құраса, Жалағаш, Қармақшы аудандарында 25 сантиметрге жеткен. Мамандардың айтуынша, дариядағы су көлемінің азаюы мен қатуы себебінен бүгінде су тасу қауіпі сейілген. Дегенмен дария бойы бақылауда тұр.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 ақпан 2017 г. 497 0