
Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз-конференциясына Елбасының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуін талқылауға «Қазақстан коммунистік халық партиясы» Қызылорда облыстық комитетінің жетекшісі Талғат Телеубаев және «Самұрық» инновациялық идеяларды қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетов қатысты.
– Өздеріңізге белгілі, Президентке жүктелген бірнеше өкілеттікті Үкімет пен Парламентке тапсыру туралы Үндеу жариялады. Елбасы өз сөзінде «Бұл - Конституция мен Заңдарға өзгерістер енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз», – деген болатын. Сонымен қатар, реформаның негізі билік өкілеттіктерін үлестіру, саяси жүйені демократияландыру екенін айтқан Елбасының бұл шешімін біздің партия қолдайтынын айтқым келеді, – деді ол.
– Мемлекет басшысы мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынын атап өткен болатын. "Мен ұсынған бес институционалдық реформаның бірін іске асыру Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді көздейді. Бұл орайда қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституцияны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала береді", – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде еліміз ширек ғасырда көптеген жетістіктерге жетіп, бүгінгі таңда озық отыз елдің қатарына қосылу міндетін жүзеге асыруға кірісті, – деді Ж.Тұсмағамбетов.