
Бүгінгі таңда «Қазалы кәмпиті» цехында 4 түрлі кәмпит шығарылуда. Жобаның бастамашысы ретінде жеке кәсіпкер Нұржан Қазбергенов өндірілетін өнім түрін кеңейтіп, тағы 4 түрлі тәттілерді өндіріске қосуды жоспарлап отыр.
«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына қатысушы атана отырып, жас кәсіпкер Нұрбек Қазбергенов өнім түрін көбейту арқылы кәсіпорын қуаттылығын екі есеге арттыруға мүмкіндік алды.
«Даму» Қоры кәмпит шығаратын кәсіпорынға «Қазақстан Халық Банкі» АҚ 19 пайыз үстемемен 20 млн теңге несие рәсімдеуі үшін 50 пайыз кепілдендіруді қолдады. Несиенің үстеме пайызы мемлекет тарапынан 10 пайыз көлемде субсидиялануда және соның нәтижесінде кәсіпкердің борыштық ауыртпалығы төмендеп,ол өз қаражатын үнемдеуге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар,несие қаражатының көмегімен «Қазалы кәмпиті» өнімдері ерекше және бірегей жарқын түрдегі жаңа қаптамамен шығарылатын болды.
Еске сала өтсек, Нұрбек Қазбергеновтың атақты «Қазалы кәмпиті» цехы – аймақтағы тәтті кәмпит түрлерін шығаратын автоматтандырылған жалғыз кәсіпорын болып табылады. Қазіргі таңда мекеме өнімдерін облыс көлемінде сатуда, алайда жақын арада Қазақстанның өзге де өңірлерінің нарығын жаулауды көздейді. Жоспардың табысты жүзеге асуының сенімі ретінде жоба бастамашының осы бағыттағы мол тәжірибесі мен бәсекелестердің жоқтығын атап өткен жөн.