Жылқы жылы жедел жәрдем қызметкерлері үшін жағымды жаңалығымен келді. Жаңа жылдың алғашқы жексенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудандық, қалалық «Жедел жәрдем» станция өкілдеріне 26 реанимобильдің кілтін тапсырды.
Орталық алаңда өткен шарада аймақ басшысы жиналғандарды жаңа жылмен құттықтай келе, денсаулық сақтау саласында автоматтандырылған диспетчерлік-ақпарат қызметін енгізу, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету сияқты бірқатар жетістіктермен қатар биыл ашылатын жаңа медициналық нысандарды да атап өтті.
Салтанатта Қызылорда облысының құрметті азаматы, сала ардагері Ернияз Омарұлы дәрігерлер атынан алғысын білдіріп, жылан жылында аймақ басшысының қолдауы арқасында медицина саласында игілікті шаралардың мол болғанын тілге тиек етті. "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы аясында арнайы мамандандырылған 14 санитарлық көлік аудандарға жол тартса, қалғаны облыс орталығында жедел қызмет ету үшін беріліп отыр. Реанимобильдер қажетті медициналық құрылғылармен жабдықталған.
Нұрбек Дәуренбеков