Өнер мен мәдениеттің ордасы Парижге сапар шегу – талайларға арман болған, әлі де солай. Әсіресе, бос сенделіп емес, білім қуам, өнер үйренем дейтіндерге. Ондай мүмкіндік туа қалса, ықыласы ауған жанды тоқтату мүмкін бе? Мүмкін, жасауы келіскен қалыңдықтың әмірі жүретін шығар!..
Кеше облыстық Нартай Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрда «Кетпейсің! Болды, кетпейсің...» атты комедиялық спектакль көрермен назарына ұсынылды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қойылым оқиғасы тіл үйрену үшін Парижге аттанғысы келетін Шахбаз-бек пен оның жолына тұсау болғысы келетіндер арасында өрбиді...
Карабах еліндегі бай шаруаның сарайы. Гатамхан аға мен Шахрабану-ханымның үлкен қызы Шарафнисаның жасауы жасалып, тойдың күні белгіленіп қойған. Алайда, бұл жайттан күйеу жігіт, Шахбаз-бек хабарсыз. Оның бар ойы – елінде қонақ боп жүрген Мусье Жорданмен бірге Францияға бару, тіл үйрену. Парижге барғысы келетін күйеу жігіттің мұнысын естіген болашақ қайын жұрты қалайда оны райынан қайтаруға тырысады. Олардың ойынша жас жігіт тіл үйренуге емес, беттерін ашып, жалаңбас жүретін француздың сылқым қыздары үшін бармақ. Сондықтан да, қандай жағдай болмасын, Шахбазды Парижге жібермеу керек...
Әрине, қойылым көрермен көңілінен шықты. Театр әртістері талмай еңбек еткен. Екі бөлімді комедияның қоюшы-режиссері кім десеңіз – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, доцент Мұрат Ахманов. Ал, кеңесші-режиссері – Әзірбайжан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, С.Рахман атындағы Шеки мемлекеттік драма театрының бас режиссері Мирбала Салимли. Қойылым Мирза Фатали Ахундзаденің «Табиғат зерттеуші Мусье Жордан мен атақты сиқыршы Масталишах дәруіш» пьесасының желісімен ұсынылды.
Спектакльді облыс әкімі Қ.Көшербаев тамашалады және өнер өрендеріне ықылас гүлі ұсынылды.
Н.САҚТАПБЕРГЕН.