
Жуырда Шиелі аудандық мәдениет үйінде мәдениет қызметкерлерінің алқалы жиыны болып өтті. Оны аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып жүргізіп отырса, Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Мәдениет қайраткері Әшімхан Оспанов 2016 жылы мәдениет саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Жиынға мәдениет қызметкерлері, кітапхана ұжымы мен алқа мүшелері қатысты. Мәдениет саласының қызметкерлері былтырғы жылы қандай жұмыстар атқарды, алдағы жылға жоспарлары қандай? Міне, осы сұрақтарға жауап беріліп, алдағы жұмыстар сараланды.
– Өткен жылы ауыз толтырып айтатын жаңалықтардың бірі мәдениет саласына мемлекет тарапынан зор қамқорлық танытуы еді. Ауданымызда 4 бірдей мәдениет үйі жаңадан бой көтерсе, 8 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Жаңа ғимараттардың ашуылуына облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі келіп қатысып, елдің қуанышымен бөлісті және де осындай игілікті шаруалардың жалғаса түсетіндігін айтты, деген аудандық мәдениет саласының басшысы онан әрі нақты атқарылған шараларға тоқталды. – Биылғы жылы да ауданымызда 3 мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп жатса, олар жазға қарай пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді ол. Былтырғы жылы Шиелі аданында мәдениет саласында қол жеткізген жетістіктер аз емес. 2016 жылы даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың 125 жылдығын республика көлемінде атап өтілді. Мерейлі мереке қарсаңында диқанның туған ауылынан жаңа мұражай пайдалануға берілді. Мұнан өзге түрлі аудандық, облыстық байқаулар ұйымдастырылды. Салыстырмалы түрде алғанда, 2015 жылы 1092 іс-шара ұйымдастырлса, 2016 жылы олардың саны 1264 құрады. Демек, әр жылдың жаңалығы аталмыш саладағы ұйымдастыру жұмыстарының тиімділігін байқатса керек.
Бөлім басшысы өз сөзінде кемшіліктерге де тоқталды. «Үздік оқырмандар сайысын» ұйымдастыру қалып барады, кітапханаларды заманауи үлгіге сай интернет желісіне қосу мәселесі тұр. Сонымен бірге аудандық мәдениет үйіне лэд экран, концерттік рояль алу қажеттігі күн тәртібінде тұр. Алдағы уақытта шешімін табарына сенім мол.
«Тағы бір айта кетерлігі, мәдениет саласындағы кемшіліктердің бірі- жабдықтардың жетіспеушілігі деді Ә. Оспанов. Ауылдық мәдениет үйлерінде концерттік киім, музыкалық аспаптар тапшы. Елді мекендердегі кітапханаларымыз аудан әкімдігінің ғимаратында я болмаса мәдениет үйінде тұр. Жеке тұрғын үйлерге орналасқан 3 кітапхананың халы қалай болады? Әрине, күдіктен үміті басым.
Алдағы уақыттағы атқарылар жұмыстарға келсек, халықаралық әйелдер мерекесіне көршілес Жаңақорған ауданының өнерпаздары келіп концерттік бағдарлама көрсететін болады. Келесі күні біздің ауданның өнерпаздары сол ауданға іссапармен барып өнер көрсетеді. Сонымен қатар Махамбетқали Тұрсыновтың 80 жылдығы мен Шахмардан Есеновтың 90 жылдығы, ағайынды Қоңыратбаевтарға арналған «Ағайынды ғұламалар әулеті» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция тағы басқа шараларды жоғары деңгейде өткізу жоспарланып отыр.
Жиын барысында Алғабас ауылы мәдениет үйінің директоры әрі «Қытық» әзіл-сықақ театрының көркемдік жетекшісі Кенжебай Жүсіп, аудандық кітапхананың әдіскері Нағима Рысбек, Ы. Жақаев мұражайының директоры Құттығыз Ықанова Президентіміздің дәстүрлі Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталды. Мәдениет саласы қызметкерлерінің жылдық басқосуының соңында Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының бөлім меңгерушісі Зина Кенжетаева сөз сөйлеп, мәдениет саласының бірқатар қызметкерлеріне халық шығармашылығы орталығы басшысының алғыс хатттарын табыстады.
Иә, Елбасы Жалдауы мәдениет саласы қызметкерлерінің жігерін жанып, алдағы күндеріне үлкен сенім туғызды. Өйткені, мәдениет- өмірдің өзегі іспеттес.