Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Алаш партиясына –100 жыл толуына орай "Алаш идеясы және ұлттық идея” атты дөңгелек үстел өтті. Оған Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғылымдары, облысқа белгілі тарихшылар, жазушы-журналистер мен кітапхананың тұрақты оқырмандары және студенттер қатысты.
Шараны ашқан кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратова: "Егеменді ел болғалы тарихымыз түгенделіп, қазақ зиялылары мен Алаш арыстары жөніңде көптеген тарихи-танымдық кітаптар жарыққа шықты. Бұның барлығы тәуелсіздігіміздің жетістігі”, – деді.
Мұнан соң тарихшылар осыдан бір ғасыр бұрынғы Алаш партиясының құрылуы жөніңде әңгіме қозғады. Сол кезеңде өмір сүрген қазақтың ұлтжанды ұлдарының бір ғана арманы болған. Ол – тәуелсіз мемлекет құру еді. Міне, сол азаттықты аңсаған елін бодандықтан құтқару мақсатында 1917 жылы Алаш патиясы құрылады. Онда рухы мықты, сауатты ел азаматтары жиналып, тәуелсіздікке ұмтылыс жасай бастады. Дегенмен де, оладың бұл әрекеттері Кеңес үкіметінің наразылығын тудырды. Соңында бірі ату жазасына кесілсе, енді бірі қудалауға ұшырады.
– Алаш зиялыларының өз еліне, жеріне деген патриоттық сезімі жоғары болып, ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндеді. Мәселен, олар жерге ең алдымен қазақ ие болу керек, жер асты байлығын қазақ пайдалануы керек, өз өнімін өзі өндіретін ұлттық экономика, қазақ тілінің мемлекеттілігі, діні мен ділінің үстемдігі, білімнің дамуы секілді бағыттарды ұстанды. Бұл идеяларды елге танытуда қазақ баспасөзінің рөлі өте жоғары болды. Ахмет Байтұрсынов: «Баспасөз – халықтың көзі, тілі және құлағы» деп бағаласа, Міржақып Дулатов: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп дәл анықтама берген, – деді тарихшылар.
Ал, біздің білетініміз Алаш зиялыларының басым көпшілігі жазушы әрі ағартушы болған. Бұл олардың сауатты, өз еліне, жеріне деген патриоттық рухтың жоғары болғандығын аңғартса керек. Шараға қатысушыладың пікірлері осыған саяды.
Жиын соңында, кітапханаға жиылған көпшілік "Дидар” ақпараттық клубының ашылу салтанатына қатысты. Оның мақсаты – тұрақты оқырмандары мен жастар арасында ақпарат алмасу, басылымдардағы тың мақалаларды талқыға салу, ақпарат көзеріне жедел талдау жасау, рухани және зияткерлік тұрғысынан ақыл-кеңес беру және тренингтер ұйымдастыру. Бұған қоса, ақпараттық клубы жастардың білімге құштарлығын оятып, көпшілік алдында сөйлеу мәнерін қалыптастыруға жұмыс жасайтын болады.
Н.ҚАЗБЕКОВ