2017 жылдың ақпан айының 4-і күні Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кезекшісіне Қарағанды облысы Ұлытау ауданына қарасты «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ» тас жолының 243 шақырымында Камаз автокөлігі екі жолаушысымен техникалық ақауға байланысты қар құрсауында қалып қойғандығы жөнінде хабар түсті. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ТЖД-ге сілтеме жасап хабарлады.
Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының құтқарушылары қар құрсауында қалған адамдарды құтқаруға және авариялық құтқару жұмыстарын жүргізуге 3 құтқарушы 1 бірлік жоғары жүргішті техника Камаз автокөлігімен шықты. Жасақ құтқарушылары 243 шақырымда «Қызылорда-Павлодар-Успенка РФ» тас жолынан істен шыққан жүк автокөлігін тапты. Оқиға орнында құтқарушылар жөндеуге көмек көрсетіп Камаз жүк автокөлігін қар құрсауынан шығарды. Сәл тоңып қалған Камаз иесі мен көмекшісі Қызылорда қаласына дейін жеткізілді.