2-12 ақпан аралығында еліміздегі барлық "Атамекен” отбасылық үлгідегі балалар ауылында "Өзін-өзі тану: Махаббат және шығармашылық педагогикасы” атты республикалық онкүндік ұйымдастырылады. Жоспарға сәйкес онкүндік ішінде бірқатар шара өтеді.
Мәселен, 2 ақпан күні облыс орталығындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылында "Өзін-өзі тану – адамгершілік рухани білім беру” тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда жоба авторының жұмыстары ұсынылып, балаларға "Сізге деген сүйіспеншілікпен” бейнефильмі көрсетілді. Сонымен қатар, балақайлар қаладағы спорт кешендері мен ойын-сауық орталықтарына, кинотеатрға тегін кіру мүмкіндігіне ие болып отыр. Мысалы, бүгін балалар ауылының 25 тәрбиеленушісі қаламыздағы "Жібек жолы” орталығының кинотеатрында "Балерина” мультфильмін тамашалап, керемет әсерге бөленді. Фелиссия есімді қыздың тағдырын баяндайтын француз туындысы кішкене көрермендерге ұнады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 8 ақпан күні тәрбиеленушілер Қызылорда қаласындағы №7 арнаулы-түзету мектеп интернатында "Жүрегімнің жылуымен бөлісем” атты қайырымдылық концертін өткізеді.
М.СНАДИН.