Бауыржан Омарұлының жаңа кітабы жарық көрді

Бауыржан Омарұлының жаңа кітабы жарық көрдіТанымал журналистердің өнегелі өмір жолдарына үңілсек, қандай ғибратты көреміз? Жазушы, журналист, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлының «Төртінші билік» атты жаңа кітабында қалам иелерінің қыр-сыры жан-жақты ашыла түседі. Ақпарат әлемінде өзіндік із қалдырған сөз шеберлерінің өмір жолдары, бастан кешкен қызықты оқиғалары, ел үшін атқарған қалтқысыз қызметтері баяндалады, - деп жазады "Қазақпарат".
Осы кітапқа алғысөз жазған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Кеңес заманында «партияның қолбаласы» деген кемсіту мақсатымен берілген бағаның өзіне мәз болған журналистер қауымы тәуелсіздік жылдары «төртінші билік өкілдері» деген сұсы да, мысы да басымдау атауды иеленді. Дүниежүзінің бірде-бір елінің заңнамасында дәл осындай ресми ұғым болмаса да, сөз бостандығы қалыптасқан мемлекеттердегі бұқаралық ақпарат құралдарының күш-қуаты айрықша бағаланды»,- деп атап өткен екен.
Қалам иелері тіпті атқарушы, заң шығарушы, сот билігі өкілдерінің аузымен құс тістеген небір серкелерін оп-оңай тәубесіне келтіріп, тұтас бір мемлекеттің ғана емес, жер-жаһанның назарын өзіне аударатын айтулы мәселелерді еркін көтере алатын аса ықпалды күш саналатынын жазады.

Айта кету керек, жаңа кітапқа тоқсанның төріне таянғанда қаламды компьютерге алмастырып, мамандығына адалдығынан айнымаған Әзілхан Нұршайықов, ұлттық журналистикада тұтас мектеп қалыптастырып, қазақ тілді баспасөздің айбынын асырған Шерхан Мұртаза, тоталитарлық заманның өзінде-ақ ақырып теңдік сұраған Нұрмахан Оразбек, ұлттық телеарнаның негізін қалаушылардың бірі Сұлтан Оразалинов, аудандық баспахананың газет басушысынан Ақпарат министріне дейін өскен Қуаныш Сұлтанов, еліміздің бас басылымының басшысы болған Сауытбек Абдрахманов, ақпарат пен ғылымның тізгінін қатар ұстаған Жұмағали Ысмағұлов пен Уәлихан Қалижанов, қазақ журналистикасының теориясы мен практикасын қалыптаған ұстаз-профессорлар Тауман Амандосов пен Намазалы Омашов және басқалардың тұлғалары арқау болған.
Қаламгерлер туралы мақалалар жазуға қалай келгені туралы Б.Омарұлы журналистік кәсіптің жұрт біле бермейтін қырлары мен сырларын елге танытуды мақсат тұтқанын атап өткен. Осы кітапқа арқау болған жазушы-журналистерге таңдау жасағаны жайлы да сыр бөліседі.
«Ақпарат айдынында өшпес ізі қалған басқа да майталмандар бар емес пе?! Әрине! Жеткілікті. Бірақ кітап кейіпкерлерінің тыныс-тіршілігі, шығармашылық болмысы, жазу мәнері, ойлау дағдысы табиғатымызға жақындау болды-ау деймін. Сондықтан мұны автордың журналистік антологиясы деп бағалаған жөн шығар. Жазам деген адамға кейіпкер жетеді. Жалпақ жұртқа кең танылған алымды ақпаратшылар баршылық. Қаламдастарымыз да өздерінің әріптестері туралы қалам тартсын. Сөйтіп, көпке танытқан кәсібімізді көкке көтерейік. Журналистердің озық өкілдері төртінші биліктің аясынан шығып, мемлекеттік биліктің биік белестеріне дейін өрледі. Маңызды мәселелерді шешті. Адам тағдырына араша түсті», - деп ой толғайды Бауыржан Омарұлы.    
Айталық, Әзілхан Нұршайықовтың жан дүниесін ашуға арналған «Дәуір дәптері» тарауында автор белгілі жазушының жақсы қасиеттеріне жеке-жеке тоқталған. «Жазғанына сын көзбен қайта үңілетін. Кейбір көңілі толмаған тіркестерді өңдеп, өңін кіргізетін, жөндеп, жандандыра түсетін. Халық жазушысы халықтың талғамын ешқашан ұмытпайтын»,- дейді кітап авторы.
Кәсіби журналист Б.Омарұлының бұл кітабы қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистік мамандықты таңдаған жастар мен қалың оқырман қауым үшін өте бағалы десек, артық айтқандық болмас. 21 баспа табақтан тұратын «Төртінші билік» кітабы Алматы қаласындағы «Аrna» баспасынан жарық көрген.

 

 

 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 ақпан 2017 г. 714 0