
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Бастауыш ұйым – партия негізі» тақырыбында бастауыш партия ұйымдарына арналған семинар тренинг өтті. Аталған семинарға облыс бойынша 19 бастауыш ұйым төрағалары мен партия мүшелері қатысты.
Шараны облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ашып жүргізді. Ол өз сөзінде Елбасы, партия төрағасының «Нұр Отан» партиясының алдына қойып отырған мақсат-міндеттерді атап, мұны жүзеге асыруда «Бастауыш ұйымдар белсенді қоғамдық-саяси жұмыстың орталығы болуы тиіс», – деді. Сондай-ақ заман талабына сай жаңашыл, барынша қабілетті, көпшілік қолдайтындай, ел сеніміне лайық бола білуі міндет екендігін қадап айтты.
«Бастауыш партия ұйымдары қызметінің басты бағыттары» тақырыбында облыстық партия филиалының консультанты Гаухар Даулетбаева хабарлама жасап, партияға қабылдау, азаматтардың партиядағы мүшелігін тоқтату, есептегі партия мүшелерін салыстырып-тексеру, сондай-ақ мүшелік жарнапұлдарды жинақтау мәселелерін түсіндірді.
Жалағаш аудандық партия филиалының есепке тіркеу және статистика секторының меңгерушісі Ахан Кенжебаев «Ішкі партиялық талап-ортақ міндет» хабарлама жасап, жұмысты жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.
Жалпы семинар барысында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев партия Төрағасы бірінші орынбасарының тиісті бұйрығына сәйкес, өткен 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап партия қатарына қабылданған мүшелердің жарнапұлдары бастауыш ұйымдары жұмысын жандандыру үшін аймақтық филиал иелігіне толығымен қалдырылғандығын атап өтіп, сол қаржы есебінен жұмысты жақсы үйлестіріп отырған 19 бастауыш партия ұйымдары төрағаларын арнайы орг техникалық құрал жабдықтармен марапаттады.