Шетелдік инвестор Шиеліде

Шетелдік инвестор ШиелідеҚазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың желтоқсан айының соңындағы Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Роухани арасындағы келісімнің нәтижесінде әріптестік  және достастық тұрғысындағы жылы қарым-қатынас Сыр өңіріне де шарапатын тигізе бастады. 
Жоғарыда аталған келісім барысында екі елдің басшысы жалпы құны 1 млрд доллар болатын коммерциялық келісімдерді одан әрі нығайтып, жобалардың іске асырылу барысын тиянақтаған болатын-ды. Осы уағдаластық аясында аптаның бейсенбі күні Иран Ислам елінен келген делегация Шиелі ауданында болып, аудан әкімдігінің мәжіліс залында кәсиби іскерлік тұрғысында әңгіме өрбітті. 
Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Қызылорда облысының ең шұрайлы өлкесі – Шиелі ауданының экономикалық және әлеуметтік жағдайымен таныстырудан бастады. Осы ауданнан кезінде 41 Еңбек Ері шыққандығын тілге тиек еткен ол өткен жыл қорытындысымен облыста чемпион болғандығын еске салып, одан кейін бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Ирандық делегацияға аймақта егін және мал шаруашылығын өрістетуге болатын 4 жер учаскесін ұсына алатындығын мәлім етті. «Жалпы көлемі 10 мың гектардан астам құнарлы жер бөлігі аталған шаруашылықтарды дамытуға аса қолайлы. Және де келісімге келген жағдайда жергілікті атқарушы орын тарапынан қолдан келгенше алғашқы көмек те беріледі», – деді Қайратбек Сәрсенбаев өз сөзінде. 
Ирандық делегация басшысы, Мазендеран провинциясы губернаторының саяси, қауіпсіздік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Алиреза Юнеси  бұл құрамда мемлекеттік және жеке сектор өкілдерінің бар екендігін айта отырып, 75 млн халқы бар Иран Ислам Республикасының Қазақ¬станмен қарым-қатынасы кеше-бүгіннен емес, бұрын¬нан қалыптасқан дәстүр екендігін атап көрсетті. Ал Мазендеран провинциясы ауыл шаруашылығы дақылдарымен қатар, құс және мал еті өнімдерімен қам¬тамасыз етіп отырған аймақ екендігін еске са¬лып, бұл салада айтар¬лықтай табыстарға жетіп жүргендігін айтты. Сон¬дықтан аудан әкіміне нақты ұсыныспен шығып, оны арнайы мамандардың қатысуымен  талқылау қажеттігін ортаға салды. 
Шетелдік инвесторлармен бірлесе жұмыс атқаруға деген ұмтылыстың өзі Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсетілген жаңаша жаңғырудың белгісі екендігі ақиқат.  
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Шиелі ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 ақпан 2017 г. 466 0