
Ә.Тәжібаев
атындағы кітапханада Ә.Тәжібаев шығармаларын кеңінен насихаттау,
ақынның еңбегі мен ол туралы естеліктерге шолу жасап өмір жолы мен өнер
жолынан ғибрат алу, өскелең ұрпақты отаншылдық сезімге, патриоттық рухқа
дағдыландыру, эстетикалық тәрбие беру, ұлттық мәдени мұрамызды
құрметтеуге, білімді әрі өнегелі болуға тәрбиелеу мақсатында шара
ұйымдастырылды.
Ең алдымен, Ә.Тәжібаев ескерткіші жанында «Жауқазын – Ғұмыр» шығармашылық клубының мүшелері ақынның өлеңдерін оқып, гүл шоқтарын қойды. №23 Ж.Қизатов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі М.Маратова өз арнауын жолдады. Сонан соң жиналған қонақтар ақынның мұражайына экскурсия жасап, кітап көрмесімен таныстырылып, өз дауысымен жазылған бейнебаяны көрсетілді.
Шараға қатысқан қонақтар Қорқыт ата Қызылорда мемлекеттік университетінің мұғалімдері, профессор М.Аңсатова, Ш.Бакмағанбетовтер қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Айта кету керек, Әбділда Тәжібаев 4 ақпан 1909 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Әбділда ақын соңына үлкен мұра қалдырды. Асқақ ақынымыздың өмір жолы мен шығармалары, сын зерттеу, естеліктері көпшілікке жақсы танымал деуге болады. Сөйтсе де ұлылықтың тағлымы – қайталанудан таусылмақ емес. Қайта тартымдылығы артып, өнегелік өрісі ұлғая түседі. Оған қоса қаламгерлердің жаңа буын, жас буынмен ағалық сырласуы жылдар өткен сайын жалғаса бермек.