ТКШ: жаңғырту бағдарламасы жалғасын табады

Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтың қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Жиынды облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізіп, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Мұнан соң С.Сүлейменов тұрғын үйлерді жаңғырту және апатты жағдайдағы үйлер мен пәтер иелері кооперативтерінің қызметін жетілдіру мәселелері жайында баяндама жасады.  
Аймақта 32 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда. Өңірдегі тозығы жеткен көпқабатты үйлердің көпшілігі «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы негізінде жөндеуден өтуде. Оның өзіндік тәртібі де бар. Ең алдымен тұрғындардың келісімі болу керек. Содан кейін баспананың нақты қай жері жөнделетіні анықталады. Ал, бізде керісінше, жұмыс біткен соң шағым көбейіп, тіпті қаржысын төлемеймін деушілер шығады. Серік Сүлейменовтың айтуынша, қаржыны қайтару бойынша аймақ республикада соңғы орында. Осындай келеңсіздік бағдарламаны жүзеге асыруға кері әсерін тигізуде.
Апатты жағдайда деп тіркелген 32 көп қабатты үйдің 30-ы қала төңірегінде, екеуі Тереңөзек пен Арал аудандарында. Бүгінде пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына көңілі толатын тұрғынды кездестіру қиын. Барлығының айтатыны, «ақшаны алады, жұмыс жасамайды»! Осы орайда су мен қоқысқа толған орындарды мысалға келтіруге болады.
– Біз мәселенің бар екенін білеміз. Өкінішке орай, олардың жұмысына араласа алмаймыз. Пәтер иелері кооперативін тұрғындар өздері таңдайды. Сондықтан талапты қойыңыздар, орындалуын қадағалаңыздар, – деді С.Сүлейменов.
Соңғы үш жылда облыс орталығында жаңадан 11 шағын аудан бой көтерсе, бүгінде олардың барлығы да көпқабатты үйден құралған. Қоғамдық кеңес мүшелері жаңа үйлердің айналасындағы тазалық мәселесін де көтерді. Сондай-ақ, аталған мәселені еліміздің басқа аймағындағы тәжірибемен шешуге болатынын жеткізді. 
Жиында  ыстық су, жылуға қатысты да сауалдар қойылды. Тұрғындардың бірқатар сұрағына жауап берген С.Сүлейменов бұл мәселелерге қатысты тиісті шешім қабылданып, алдағы уақытта да жүйелі жұмыс атқарыла беретінін жеткізді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 ақпан 2017 г. 577 0