
Өңірлік коммуникация қызметінде облыстық мәслихат депутаты, Қызылорда қоғамдық телерадио-компаниясының құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерін қайта құру мәселелері жөніндегі Үндеуіне пікір қосып, баспасөз-конференциясын өткізді.
– Бүгінде Мемлекет басшысының Үндеуі бұқаралық ақпарат құралдарында, қоғамдық ұйымдарда талқыланып жатыр. Осы Үндеуге өз пікірімді қоспас бұрын, жуырда Елбасы Жолдауындағы алғашқы сөйлемімен бастағым кеп отыр. Онда ол «Мен қазақстандықтарға жаңа дәуір қарсаңындағы сөзімді арнап отырмын» деді. Шынын айтқанда Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болса, тағы да бір ширек ғасырдағы дәуірдің басталғанын айтудың өзі, келешігімізге қажетті үлкен реформаны меңзеп тұрғанын білуге болады. Ширек ғасырда еліміз жақсы деңгейге жетті. Өздеріңізге белгілі, әлемнің дамыған елдеріндегі билік тармақтарының бөлінісі біртіндеп жүзеге асып, сол бағытта жұмыс істеп жатыр. Елбасы бір сөзінде «Қазақстанның саяси қажеттіліктеріне сүйене отырып, осы модельге кіруіміз керек» деген болатын. Осындай бөліністі бастан кешіру үшін бізге ең алдымен елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық болу керек. Халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігі нығаюы тиіс. Себебі биліктің бөлінісі – үлкен саяси реформа, – деді ол.
Сонан соң Шәкизада Өтетілеуұлы Елбасының Жолдауына тоқталып, әрбір тармақтарының маңызы туралы айтып берді. Сонымен қатар Жолдауда бір ғана жылдағы атқарылған жұмыспен тоқталмағанын атап өтті.
Шынар БЕКБАН.