– Облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, автоматты өрт сөндіру жүйесі орнатылады. Осы ретте театр ғимараты 1 наурыз - 1 қазан аралығында жабық болады,– деп хабарлады облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Абдрахманов.
Бұл туралы басқарманың өткен жылды қорытындылап, алдағы міндеттерді белгілеген алқа мәжілісінде сөз болды. Мәжілісте биыл облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының кино-бейне қызметін көрсету бөлімі ғимараты мен Жалағаш аудандық архиві ғимаратының күрделі жөндеуден өтетіні туралы айтылды. Сондай-ақ ортағасырлық Сығанақ, Шірік-Рабат, Жанкент, Сортөбе, Жент қалашықтары мен Кердері кесенесіне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жалғасады. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Астана қаласында Қызылорда облысының өнер күндерін, түркітілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалін өткізу, театр және филармония шығармашылық ұжымдарының Әзірбайжан Республикасының Баку, Шеки қалаларына гастрольдік сапарын, республикалық Суретшілер симпозиумын ұйымдастыру жоспарланған.