
Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Ол үшін Елбасы биылғы Жолдауында суармалы егіс көлемін 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтуді тапсырды, деп хабарлады www.24.kz.
Жерді пайдалану тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру міндетін орындауға сырбойылықтар білек сыбана кірісіп кетті. Агродақылдарды өсіріп, өңдеп, өткізу бойынша 4 жылдан бері аймақта үздік атанған Сырдария ауданының шаруалары егіс алқаптарын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Абырой әперер адал еңбектің көрігін қыздырған аудан өткен жылы 28 мың гектардай жерге егін егіп, ел қамбасына жүз мың тоннадан астам астық құйған болатын. Елбасы Жолдауында айтылған жаңа міндеттерге байланысты агроалаңдар көлемі арта түспек.
– Биылғы жылы барлық аудан бойынша орналастырылатын ауыл шаруашылығы дақылдары көлемі 29 мың 41 гектар құрап отыр. Яғни ол былтырғы жылмен салыстырғанда 201 гектарға артып отыр, – деді Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбеков.
– 2013 жылы 667 гектар күріш ексек, одан бері қарай көбейтіп-көбейтіп, 1500 гектарға жеткізген болатынбыз. Елбасы Жолдауына байланысты егін көлемін биыл 1800-2000 гектарға жеткізсек деген ойымыз бар, – «Ақжарма және К» шаруашылық төрағасы Қайрат Нұрсейітов.
Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беруді де тапсырды. Осы ретте аудан бойынша 72 майда қожалықтар 12 ірі ұжымға бірікті.
– Құрылған кооперативтердің 5-еуі егіншілік мақсатында, 5-еуі мал өсіріп, ет өнімдерін алу мақсатында, 1-еуі құс етін өндіру мақсатында, 1-еуі көркейту-көгалдандыру мақсатында құрылған, – Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбеков.
– Біздің ауылымызда 50-100 га егетін кішкентай шаруашылықтар кооперативке келіп қосылып, біздің техникамен солардың арық-каналдарын қазып, жерлерін тегістеу сондай мәселелермен айналысып, үлкен жұмыстар жасап жатырмыз, – «Ақжарма және К» шаруашылық төрағасы Қайрат Нұрсейітов.
Жұдырық болып жұмылған шаруалар осылайша өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру жолында тынбай тер төкпек.