Кеше облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің және қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындарының қатысуымен медициналық қызмет көрсету, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайына арналған қоғамдық тыңдау өтті.
Онда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова өткен жылы салада атқарылған жұмыстары жөнінде хабарлады. Басқарма басшысының айтуынша, 2016 жылдың қорытындысы бойынша скринингтік тексеруден өтуге жоспарланған халықтың 99,8 пайызы тексерумен қамтылып, анықталған аурулар саны 23,3 пайызға өткен. Есепті мерзімде сәби өлімі көрсеткіші 10,1 пайызды құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға төмендеген. Ана өлімі көрсеткіші 88,4 пайызға төмендеген. Туберкулез бойынша аурушаңдық көрсеткіші 10,3 пайызға төмендесе, өлім көрсеткіші 17,1 пайызға азайған. Қатерлі ісік бойынша өлім деңгейі 7,9 пайызға төмендеген. Қан айналым жүйесі аурулары бойынша өлім көрсеткіші 21,6 пайызға азайған.
Мекемелерді медициналық техникамен қамтамасыз ету бойынша материалдық-техникалық өсу көрсеткіші 2015 жылғы 45,19 пайыздан 73,4 пайызға дейін өсіп отыр. Оған қоса республикалық бюджеттен 4 қымбат медициналық құрал, яғни, бір ангиограф, бір МРТ, екі КТ аппаратын сатып алу жоспарланған.
Жиында қоғамдық кеңес мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын ортаға салды. Мәселен, қоғамдық кеңес мүшесі С. Теңізбаев, Б. Нұрқожаев, тағы да басқа қатысушылар аурудың алдын алу мақсатындағы ақпараттық-насихаттық жұмыстарға көңіл бөлу, қатерлі ісік ауруларымен ауыратындарға жағдай жасау, портал жүйесі, стоматологиялық қызмет, тегін дәрі-дәрмекпен қамту және уақыт белдеулігіне байланысты бірқатар мәселелерді көтерді. Ардагер С. Аңсатов денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары нәтижелі жұмыстардың атқарылып жатқанын және өзге салалармен салыстырғанда ашықтығымен, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасайтынымен ерекшеленетінін айтып, істеріне табыс тіледі.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қоғамдық тыңдаудың маңыздылығына тоқталды және жуырда жарияланған Елбасының кезекті «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық Бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында нақтыланған адами капитал сапасын жаңғырту бағытында қазақстандықтардың денсаулығын қорғау басты мақсат болып қала беретінін жеткізді.
Айнұр БАТТАЛОВА.