
Қызылордада нан мен кондитерлік өнімдер және мұздатылған жартылай дайын азық-түлік түрлерін шығаратын цех толық өндірістік қуатына көшті, деп хабарлады www.24.kz.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқасында негізгі өндірістік желілерін іске қосқан кәсіпорын тәулігіне бір жарым тонна нан өнімдері мен жарты тонна фабрикаттар шығарады. 400 млн теңгеге салынған комбинатта 66 адам еңбек етеді. Қажетті наубайханашы кондитер ет қақтаушы сынды мамандарды қайта даярлаудан өткізген кәсіпорын өнімді синтетикалық талшықтарсыз дәмдеуіш қоспаларсыз дайындайды. Сонымен қатар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолы бойынан сервистік кешен ашылды. Жобасын іске асыруға 300 млн теңге өз қаржысын жұмсаған кәсіпкер 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кешенде 17 бөлмелі қонақ үй, 85 орындық дәмхана, автобөлшектер мен азық-түлік дүкені, желімдеу, көлік жөндеу бекеті бар.
– Тәулігіне 200-300 жолаушы қабылдай аламыз. Кешен 2 гектар жерге салынған, автотұрағы үлкен. Енді осы маңнан 8 гектар жерге жылыжай салуды бастаймын. Көкөніс өнімдерін өзім өсіріп, жолаушыларға жергілікті қияр-қызанақ ұсынғым келеді, – деп хабарлады кәсіпкер Мүслім Мұзарапов.