
Қызылорда облысындағы тілдерді оқыту орталығы Тасбөгет кентіндегі «Күнекей» балабақшасымен бірлесіп, оқу қызметіне арналған «Менің қиялымдағы әлем» тақырыбында ағылшын тілі апталығының қорытынды шарасын өткізді. Аталған шараға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ә.Жарылқағанов, Тасбөгет кентінің әкімі Ж.Әлиев, сондай-ақ Қызылорда қаласының бірқатар балабақша меңгерушілері мен ата-аналар қатысты.
Шара барысында «Күнекей» балабақшасының бүлдіршіндері, тәрбиешілері мен ата-аналарына алдымен «Әлемге саяхат» көрмесі ұйымдастырылды. Онда балалар 25 мемлекеттің көрнекті жерлерімен ағылшын тілінде танысты. Сонымен қатар, «My Family», «Countries in the world» тақырыптарында оқу сағаттары жүргізіліп, ағылшын тілінде «Үйшік» ертегісінен қойылым көрсетілді. Шара соңында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы 72 сағаттық «Ағылшын тілін деңгейлік оқыту» курсынан өткен балабақша тәрбиешілеріне орталық директоры Н.Мусаева сертификаттар тапсырды.