Алғашқы екі алтын қанжығада

Алғашқы екі алтын қанжығадаУниверсиада ойындарының екінші күнінде спортшылар алтын-күмісі аралас 8 медаль еншіледі. Қоржынға бірінші алтынды биатлоншылар салды. Тауды таңертеңнен қалың тұман басса да Алина Райкова 15 шақырымдық жекелей сында топ жарып, қарсыластарын шаң қаптырды.
Спорт және туризм академиясының студенті осыдан екі жыл бұрын Словакиядағы универсиадада жеңімпаз атанған болатын. Бұл ойын түрінен күміс те біздің құрамада. Галина Вишневская асқан мергендігімен танылып, күміс жүлдеге қол созды. Биатлоншы қыздардың жеңісті жолын шаңғышы Анна Шевченко да жалғастырды. Қазақстандық спортшы Алматы универсиадасының екінші қола медалін ұтып алды. Бес шақырымдық жекелей сында үздік үштіктен көрінген керекулік қыз сол жетістігін із кесу жарысында қайталады. Жалпы кешелі бері шаңғышы қыздар сайысында Ресей мен Қазақстан жүлделерді өзара бөлісіп жатыр.
Бүкіләлемдік ойындарда фристайлшылар да жарап тұр. Бірер күн бұрын қоржынға күміс пен қола медаль салған спортшылар командалық ойында топ жарып, алтыннан алқа тақты. Жұптасып өнер көрсеткен Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек ақтық сында жемісті өнер көрсетіп, қарсыластарын қапы қалдырды. Ал, конькимен жүгіруден Екатерина Айдова үздік үштіктен көрініп, төртінші қоланы қоржынға салды. Осылайша, біздің құрама жалпыкомандалық есепте екінші орынға көтеріліп отыр. Қоржында 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль бар. Көш басында 8 алтын еншілеген ресейлік спортшылар тұрса, үшінші орында Қытай құрамасы.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 ақпан 2017 г. 718 0