Биыл Қазалы қаласының атауына 150 жыл толуына орай қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мақсатында жобалар әзірленуде. Бұл туралы Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов халық алдында есеп беруі кезінде мәлімдеді, - деп хабарлады «Қазалы» ауданы газетінің тілшісі.
Аудан басшысының хабарлауынша, Қазалы қаласының атауына 150 жыл толуына орай, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінен көлемі 56 гектар, 210, 180, 81 гектар жер учаскелерінде салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (ауыз сумен, газбен, электрмен жабдықтау, жолдар салу) нысандарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге бюджеттен 97,0 млн теңге қаржы бөлінді.
Мерейтой қарсаңында Қазалы қаласына кіреберістегі «Оң жаға» каналының көпірін және «Қала паспортын» абаттандыру, көше қиылыстарына 5 комплект бағдаршам мен түрлі шағын архитектуралық мүсіндер орнату жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, құны 270,3 млн теңге болатын саябақ құрылысы демеушілік есебінен іске асатын болады.
Көп жылдардан бері халықтың негізгі проблемасы болып жүрген ауыз су құрылысына биылғы жылға Ұлттық қордан 450,3 млн. теңге қаржы бөлініп, Қазалы қаласының сумен жабдықтау жүйесін кеңейту мен құрылысын салу жұмыстары жүзеге асуда. Бұдан бөлек, Қазалы қаласындағы жаңа тұрғын үй көшелерін электрмен жабдықтау жүйесінің құрылысына 79,8 млн теңге қаралып, монтаждау жұмыстары жүргізілді.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бюджеттен бөлінген 33,9 млн. теңгеге Қазалы қалалық мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу және 18,2 млн. теңгеге №16 мектеп-лицей ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің шеберханасы мен оқу-өндірістік ғимараттарына бюджеттен бөлінген 100,9 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғанибай керуен сарайына реставрация жасалуда.