Биыл Қазалы ауданында «Әлсейіт» көпірі салынады. Дарияның арғы бетінде тұратын Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдарының халқы осылайша жол қатынасы азабынан құтылады.
Бүгін Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов қорытынды есебінде көп уақыттан бері шешімін таппай келген мәселе шешілетінін жеткізді. Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс автомобиль жолының 33-шақырымындағы «Әлсейіт» учаскесіндегі көпір құрылысын салуға республикалық және облыстық бюджеттен 550 млн. теңге бөлінді. Тұрғындардың атынан сөз сөйлеген Бекарыстан би ауылының тұрғыны, зейнеткер Кітабия Құрманбаев:
– Бұл біздің тұрмыстық жағдайымызға, тіршілігімізге кедергі еді. Дарияның арғы бетінен бергі бетіне өтемін деп жүргенде ажал құшқан жағдайлар да кездесті, - дей келе, облыс және аудан басшылығына ризашылығын білдірді.
Есеп беру жиынына облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы С.Имандосов, облыстық басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, дербес бөлім, мекеме басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі М.Тәжібай қоғамдық тәртіптің сақталуына байланысты атқарылған жұмыстар туралы баяндаса, Әйтеке би кентінің әкімі А.Ақжігітов кент көлемінде өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы хабарлады.
Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзгерістерге тоқталып, алдағы міндеттерді мәлімдеді.
Аудан тұрғындары әкімнің есебінен кейін ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.