
Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы ғимаратында «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекеме ашылды.
Бұған дейін Палатадағы Орталық:
- Бухгалтерлік және салық есептілігін жүргізу, сондай-ақ статистикалық есептілікті жасау қызметтері;
- Кеден рәсімдері бойынша қызметтер;
- Кәсіпкерлердің және кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындардың өтінімдерін сүйемелдеу;
- Заң қызметтері;
- Маркетинг сұрақтары бойынша қызметтер;
- Ақпараттық технологиялардың қызмет көрсетуі саласында кеңес беру қызметтері;
- Мемлекеттік сатып алулар, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын қолданушылардың сатып алулары бойынша қызметтер;
- Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы қызметтерді көрсетіп келген болса, облыс әкімдігінің қолдауымен ашылып отырған жаңа Орталық рұқсат беру құжаттарымен айналысатын болады. Нақтырақ айтқанда рұқсат құжаттарын алу бойынша көрсетілетін қызмет түрлері 3 блоктан тұрады:
- Инженерлік коммуникацияларға қосылуға кеңес беру және көмек көрсету, яғни газ, су, кәріз, электр, жылу және телефон жүйелеріне қосылуға техникалық шарттар алып беру;
- Архитектура және құрылыс салалары бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуға көмек, құрылысты бастауға рұқсат алу, техникалық төлқұжат алу, тіркеуден өткізу;
- Жер мәселелері бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, жер учаскесін сатып алу, қосымша жер учаскесін алу т.б.
Ол үшін кәсіпкер тек Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, өзіне қажетті қызмет түрлері бойынша өтінім берсе болғаны, әрі қарайғы жұмыстарды Орталық қызметкерлері кәсіпкердің атынан өздері атқаратын болады.
Айта кету керек, мұндай Орталық ашу идеясы Кәсіпкерлер палатасымен аймақ басшысына ұсынылған болатын. Нәтижесінде орталыққа облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, жыл басынан жұмысын бастап кетті.
Орталық қызметін пайдаланғысы келген аудан кәсіпкерлері үшін де жағымды жаңалық: Орталықтың аудандарда да мамандары бар. Олар Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарының ғимаратында орналасқан.
Алдағы уақытта жаңадан ашылған Орталық монополист кәсіпорындардан техникалық шарттарды электрондық форматта алуды жолға қоймақ. Ол үшін арнайы облыс елді мекендерінің электрондық картасы әзірленген. Техникалық шарттарды электронды форматта алу әкімшілік кедергілерді азайтуға, құжаттарды алу мерзімінің қысқарып, шығындардың азаюына, кәсіпкерлер пен мекеме мамандарының арасында тікелей қатынасты азайтып, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алады деп күтілуде.