
Ерекше «экономикалық кезеңге» қарамастан 2016 жыл Сырдария ауданы үшін жетістіктер мен жаңалықтарға толы табысты жыл болды. Бұл туралы аудан әкімі Ғ.Қазантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде мәлімдеді.
– Өткен жылы 2017-2019 жылдарға арналған ауданның бюджеті қабылданды. Биылғы жылы бірінші кезекте ең маңызды, кезек күттірмес, халықты толғандырған мәселелерді қолға алып, 2016 жылы атқарған жұмыстардың жалғасы ретінде қабылдап, бірлесіп жүзеге асыратын боламыз. Қалыптасқан экономикалық жағдайға қарамастан 2017 жылғы басты мақсатымыз бұл – барлық әлеуметтік міндеттемелердің уақытылы орындалуы, халықтың жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы болып қала береді, – деді ол.
Ауданға шетел инвестициясын тарту мақсатында Германия және Ұлыбританияда орналасқан ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, «Күн көзінен электр қуатын шығаратын станса салу» және Шаған ауылдық округінде орналасқан 3000 бас мал бордақылау алаңы жанынан қосымша шағын кәсіпорындар салу жобасын жүзеге асыру мақсатында «Гринквест Сырдария» ЖШС құрылды. Аудан әкімдігі мен серіктестік жетекшілері арасында меморандумға қол қойылды. Жобалардың құны 40,0 млрд теңге. Бүгінгі күні 200 гектар жер учаскесіне топографиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, аудан әкімдігінің қаулысымен жер учаскесі табысталды.