Кооператив құрудың тиімділігін түсіндіреді

Кооператив құрудың тиімділігін түсіндіредіӘдетте ауыл шаруашылығы кооперативтері өнім жинау, өңдеу немесе өткізу сияқты бағыттардың біріне маманданады. Ал Қызылорда облысындағы құрылымдардың көбі осы үшеуін бірге жүргізуге дағдыланған. 
Өңірлік коммуникациялар орталығының брифингінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов кооперативке бірігудің артықшылықтарын айтып берді. Өткен жылдың басында «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң күшіне енді. Ол ауыл шаруашылығы кооперативтері мен қауымдастықтарының қызметін кешенді түрде реттеуге бағытталған маңызды құжат еді. Жаңа заңның талаптарымен бірге шаруашылықтарды ірілендіру мәселесінде сең қозғала бастады. Былтыр аймақтың аграрлық секторында осындай 133 құрылым пайда болды. Оның 34-і – мал, 34-і – егін шаруашылығында, қалғаны – көпсалалы. Кооперативтерге 746 фермерлік шаруашылық қосылған. 
– Ауыл шаруашылығына екі түрлі мемлекеттік қолдау көрсетіледі, олар – несие және субсидия беру. Бұрын субсидия ірі құрылымдарға беріліп келсе, ендігі жерде кооперативке біріккен ұсақ шаруашылықтар үшін де қолжетімді болады, – деді П.Сыздықов. 
Несие үшін кепілдік мүлкін қою міндеті әдетте ауылдағы ағайынға оңай соқпайды. Осыны ескерген Үкімет «ҚазАгро» ұлттық холдингі арқылы 70 пайыздық кепілдендіру мәселесін қарастыруда. Бүгіннен бастап кооперативтерге мониторинг жүргізу, кооперация негіздерін түсіндіру бағытында салалық министрлік пен ғылыми ұйымдар өкілдерінің тобы аймақтарды аралауға шықты. Топ мүшесі, «Оңтүстік батыс мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС директорының орынбасары Нұрадин Әлібаев Сыр өңірінде ауыл шаруашылығының барлық бағыты қамтылғанын, түйе мен қой шаруашылығының даму қарқыны жоғары екенін жеткізді. Төрт түліктің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Осылар бір мүдде аясына топтасқан жағдайда аяққа тұруы тез болар еді. 
Министрлік сарапшысы Дәулет Ғаниев арнайы топ жүргізетін оқыту курстарының мақсат-міндеттеріне тоқталды. Нәтижесінде кооперативтер туралы мәліметтер базасы құрылып, өткізу нарығы мен өзге де мәселелер сарапталады. 

Назерке САНИЯЗОВА.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 ақпан 2017 г. 1 090 0