
Облыстық филармонияда "Жастары жалындаған Қазақ елі” атты концерт өтті. Бұл шара "ЭКСПО-2017” көрмесі аясында ұйымдастырылды.
Шара барысында "Сыр самалы” вокалды және үрлемелі аспаптар ансамблі мен эстрадалық орындаушылар өнер көрсетіп, көпшілік алдында көңілді әуен ырғағымен әсем әндерді шырқады.
Көрермендерге көтеріңкі кеш сыйлаған өнерпаздардың орындауында патриоттық әндер де болды. Сахна төрінде Олжас Нұралиев "Жүрегімде Астана”, Гүлфира Әлиханова "Қазақстаным алға”, Шаттық Ешниязова "Отаным” әндерін орындаса, "Тұран” триосы "Қазақ елі” әнімен көрермендердің қошеметіне бөленді.
Сонымен бірге, Индира Ахметова, Жалын Жүсіпов, Айдана Наукеева, Алдияр Шағдатов, Әділхан Тәуекел, Назерке Нұраддинова, Назым Тілеулесова, Данияр Есентеміров, Ернұр Тәкен, Гаухар Бисекенова орындаған әндер тыңдармандардың көңілінен шықты.
Алдағы уақытта облыстық филармония ұжымы еліміздің барлық қалаларында өнер көрсетпек. Сонымен бірге, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан және Франция мемлекеттеріне өнер сапарымен бару жоспарда бар.