
Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысы болған. Оған Аналар кеңесінің төрайымы Р.Смаханова, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Р.Ахметова, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Г.Сәрсенбай мен кеңестің белсенді мүшелері қатысты. Онда өткен жылғы атқарылған жұмыстарға есеп беріліп, Аналар кеңесінің алдағы жылға жоспарлары мен бірлесе өткізетін іс-шаралары талқыға салынды.
Отырыстың күн тәртібіндегі мәселесі қазіргі қоғамдағы балаларды тәрбиелеу, отбасының сақталуы, қыз балалардың тәрбиесі сынды мәселелерде кеңестің рөлі қаншалықты маңызды екендігі туралы пікірлер айтылды. Кеңес мүшелері жастар арасындағы суицид, оның отбасылық тұрмыстық қарым-қатынастар арасындағы агрессивті мінез-құлықтар секілді мәселелер жайындағы сұрақтарға жауап іздеді. Мектеп жасындағы қыз балалардың еріксіз жүктілікке ұшырауы да тақырыпқа тамызық болды.
Айта кететіні, Аналар кеңесі өңірдегі бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың ішінде «Ұрпақтар сабақтастығы», «Қызы мен анасы» және тағы басқа маңызы зор жобаларды айтуға болады.
Кездесу қорытындысымен Аналар кеңесінің мүшелері алдағы уақытта мектеп жасындағы қыз балалар арасында кездесу өткізіп, оларға аналық кеңес беру, өскелең ұрпақты дәстүрлі отбасылық құндылықтарға тартуда белсенділік таныту секілді ауқымды жоспарларды жүзеге асыруға барын салатындығын айтты.
Шынар БЕКБАН.