Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун және Дауылкөл ауылдық округтерінің тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, негізгі салалардағы оңды өзгерістерді, атқарылған жұмыстарды, туындаған мәселелерді атап өтті.
Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев атындағы ауыл әкімі С.Жолмаханов өткен жылы ауылды аяқсумен қамтамасыз ету үшін «Меңей» каналы тазаланғанын, «Әли қожа» шаруашылығы 80 гектарға жоңышқа егіп, тұрғындарға нарық бағасынан төмен сатып, 6 тұрғынды жұмыспен қамтығанын айтты. Округте 26 кәсіпкер тіркелген. Кәсіпкерлер тұрғындарға тасымалдау қызметін көрсетумен, наубайхана жұмысымен, саудамен, шаштараз қызметімен, тауық өсірумен, көлік жөндеумен және тігіншілікпен айналысады. Биыл ауыл орталығындағы Балқы Базар көшесіне ағымдағы жөндеу, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта 5 адам жұмыспен қамтылатын болады. Есепті кездесуді қорытындылаған аудан әкімі тұрғындардың қойған сауалдарына жауап берді. Есепті кездесуде жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Б.Байтабынов округ бойынша қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін аймақтарында жыл бойы атқарған жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Қуандария ауылындағы кездесуде ауыл әкімі А.Дәндесов шалғайдағы елді мекеннің қазіргі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Аудан әкімі «Қарақ» учаскесінде суреттегіш тоспасының құрылысын салу, «Қаракөл» мен «Таскөл» және «Қоңыраулы» учаскесіндегі көлдердің экологиялық күйі туралы айтты. Сумен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша жоба-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді облыстық бюджеттен осы 2 жобаға барлығы 366,7 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Өткен жылы апаттық жағдайдағы №186 мектептің құрылысын бастауға 20 млн теңге, биыл құрылысты аяқтауға 456,7 млн теңге бөлінді. 140 орындық мектепті жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарлануда.
Ауылдағы барлық көшеге ұзындығы 13,5 шақырымды құрайтын ауызсу жүйесі жүргізілген. Тұрғындардың 80 пайы¬¬зы ауызсуды аулаларына кіргізіп алған. Биыл «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша әр үйге су тегін тартылады.
Алдашбай ахун ауылындағы есепті кездесуде ауыл әкімі Ф.Шегебаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды жүйелеп, алдағы жаңа міндеттерді ортаға салды. Алдашбай ахун ауылындағы 123 үйдің ауласына ауызсу кіргізіліп, есептегіш құралдары орнатылған. Аяқсу мәселесін шешу мақсатында шаруашылықтың көмегімен 1,5 шақырым канал қазылды. Өткен жылы есеп беру кезінде ауыл көшелері асфальтталып, жаңадан 100 кВт-тық трансформатор қойылса деген ұсыныс айтылған болатын. О.Шораяқұлы көшесін орташа жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, жұмыстары толық аяқталды. Аудан әкімінің тікелей қолдауымен, бұрынғы 100 кВт-тық трансформатордың орнына 250 кВт-тық трансформатор қойылып, ауыл тұрғындарының электр жарығына қатысты ұсыныстары қолдау тапты.
Ел алдындағы есепті кездесу Дауылкөл ауылдық округінде жалғасты. Ауыл әкімі Н.Тоғызбаев ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.
Өткен жылы «Тұрмағамбет» ЖШС бойынша егілген егіс көлемі 2463 гектар күріш, одан алынған орташа өнім 50 центнер. Сонымен бірге, шаруашылық 200 гектар мақсары, 3 гектар бақша, 1 гектар көкөніс, 6 гектар картоп, 302 гектар жаңа жоңышқа екті. Округтегі экономикалық белсенді халықтың 250-і шаруашылықта жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, «Тұрмағамбет» ЖШС арқылы майлы дақылдардың көлемін 2000 гектарға дейін ұлғайтып, май өндіріп, сыртқа сату жоспарлануда.
Есепті кездесулер ауданға қарасты ауылдарда одан әрі жалғасуда.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.