Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік соты өткен жылды қорытындылады. Сот төрағасы Мейрамбек Ибрашевтің айтуынша, сотқа өткен жылдың 12 айында 6040 әкімшілік іс келіп түскен.
Оның ішінде 14 әкімшілік іс ведомстволық бағыныстылық бойынша кері қайтарылса, 6007 әкімшілік іс негізінен қаралған. Келіп түскен әкімшілік істердің ішінде 5844-і, яғни 97,2 %-ын қарау мемлекеттік тілде жүргізілген. Жалпы мешін жылында келіп түскен әкімшілік істерді 2015 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1124 іске немесе 16% азайғаны байқалады. Сондай-ақ, сот төрағасы Есепті мерзімде 308 әкімшілік іс сот өндірісінен қысқартылғандығын айтады. Олардың басым көпшілігі ӘҚБтк-нің 741-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сай әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына және ӘҚБтК-нің 64-бабына, Медиация Заңына сәйкес құқық бұзушы жәбірленушімен бітімгершілікке келуіне байланысты сот өндірісінен тоқтатылған.
Тағайындалған жазаларға тоқталсақ, әкімшілік жазалар тағайындалған істердің ішінде, 2140 адамға әкімшілік айыппұл, 698 адамға арнаулы құқықтан айыру, 2550 адамға әкімшілік қамауға алу, 56 адамға ескерту, 64 адамға ҚР аумағынан әкімшілік жолмен шығару жазалары қолданылған. Сонымен қатар, 100 адамға көлік құралын басқару құқынан айыру, 44 адамға ҚР шегінен әкімшілік жолмен шығару, 62 адамға әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысанасы болған заттарды мемлекет пайдасына тәркілеу, 22 адамға тиісті қызметінен лицензияны тоқтату, 1 адамға заңсыз салынған құрылысты бұзу түріндегі қосымша жазалар тағайындалған.
Нағымжан САУЯЕВ.