Қызылордадағы мектепке дейінгі «Миниса Үміт» шағын орталығында жұмыс істеп жүрген 28 адам төрт айлық жалақысын ала алмай, сан соқты да қалды. Сан соқпағанда қайтсін?! Олардың сонша уақыттан бергі еңбегіне көк тиын төлемеген. Бұл – бір. Жұмысқа кірген кезде қолдарына я бастықтың бұйрығы, я еңбек келісімшарты, я еңбекақы есептеу табелін бермеген. Ал, өздері талап етпеген.
Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының бұл мәселемен айналысып жатқанына он айдан асыпты. Оларға жұмысшылардың еңбек шартын талап етпегені қиындық туғызып отырған көрінеді. Өңірлік коммуникациялар орталығының брифингінде басқарма басшысы Нұрлыбек Жолдасбаев мәлімдегендей, отыз шақты адамға 5,3 млн теңге берешегі бар мекеме қазіргі күні соттың шешімімен оңалту шараларын жүргізіп жатыр. Балабақшаға қатысты іс материалдары құзырлы органдарға жолданған.
– Күнделікті мониторинг нәтижесімен 54 кәсіпорынның 5 594 жұмысшысына 943,8 млн теңге жалақысы өндірілді. Прокуратура органдарымен бірлесе атқарған жұмыс нәтижесінде жалақы қарызы 5,3 млн теңгеге төмендеді, – деді Н.Жолдасбаев.
Өткен жылы шетелдік жұмыс күші тартылған 18 мекемені тексеру кезінде анықталған заң бұзушылықтар аясында «Әкімшілік кодекске» сәйкес, 1,3 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Басқарма басшысы өндірістік жарақаттанудың 54 дерегі тіркелгенін алға тартты. Оның 17-сі еңбек қызметіне байланысты емес. Қалғаны бойынша 45 адам зардап шегіп, 9-ы қаза тапқан.
Дәл осы еңбек қорғау саласындағы түйткілдер облыс әкімі мен прокуроры бірлесе бекіткен әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасындағы жиі ұшырасатын мәселелердің қатарынан. Брифингке қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ербол Рүстемов былтыр картаға 112 мәселе енгізіліп, оның 57%-ы шешімін тапқанын мәлімдеді. Атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Қоғамдық-саяси ахуал қалыпты, саяси жағдайдың тұрақсыздық белгілері байқалған жоқ.
– Жалақы қарызынан бөлек, кезектегі азаматтарға жер телімін беру мәселесі де шешіліп келеді. Облыс орталығында «Бәйтерек» шағын ауданы бой көтеріп, тұрғын үй құрылысы үшін 6 600 жер учаскесі қолданысқа берілді. Инженерлік инфрақұрылымын жабдықтауға 9,9 млрд теңге бөлінді. Тұрғындардың 800-ге жуық жер учаскесін өз бетінше иелену жағдайлары заңдастырылуда. Жаңақорғандағы «Аққорған» ауылдық округі, Қармақшыдағы «Ақтөбе» серіктестігінің жер үлестері жөніндегі мәселелер шешілді, – деді Е.Рүстемов.
Апатты үйлердің ахуалы алаңдататын. Оның да бір жөні болған сияқты. Былтыр Қызылорда қаласындағы осындай үйлердің 120 тұрғыны және 18 қазалылық жаңа баспанаға көшіп алды. Жағдайы мәз емес білім нысандарының тізімі жасақталып, бюджеттік өтінімдер тапсырылды. Қазалыдағы №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасының ғимараты толық жөнделді. Әлеуметтік нысандарда, адам аяғы көп орындарда өрт қауіпсіздігі бойынша тексеру шаралары жүргізіліп, құралдары стандартқа сәйкестендірілді. Шиелі ауданындағы Қоғалы ауылдық округінің дарияның арғы бетінде орналасқан қалқымалы көпірі жөнделіп, ағайынның барыс-келісі жеңілдеді.
Брифингте облыстың мемлекеттік кірістер департаменті де жалақы қарызы бойынша атқарған жұмысын қорытындылады. Бүгінде 103 борышкерге банкрот рәсімі жүргізілуде. Ал, 90 борышкер банкрот болғанына байланысты жабылды. Оңалту және банкрот шаралары жүргізіліп жатқан 16 борышкердің 429 жұмысшыға жалақы берешегі 257 млн теңге болып қордаланған.
– Жыл ішінде 386 адамға 231 млн теңге жалақы қарызы толығымен өтелді. Қалғаны бойынша осы жылдың бірінші тоқсанында түгел төлеу үшін жұмыс жасаймыз, – деді департаменттің борыштармен жұмыс басқармасының басшысы Базархан Ақжігіт.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.