Рухани кеш – имандылық үндеуі

Рухани кеш – имандылық үндеуіШиелі аудандық мәдениет үйінде Мәуліт айының басталуына байланысты рухани кеш ұйымдастырылды.
Онда аудан әкімінің орынбасары А.Смаханов жиналған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтап, мерейлі лебізін білдірді. Аталған жиынды аудандық қажылар қауымдастығының төрағасы Әлмырза қажы Ноғайбаев жүргізіп отырса, Алланың ең соңғы және ең үстем елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.с) туылған осынау қасиетті Мәуліт мерекесіне орай құран бағышталды. Және осынау қасиетті мереке қарсаңында имандылық жолында қажырлы еңбек етіп жүрген біршама кәсіпкерлер мен имамдарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. 
«Алла елшісінде жақсы үлгілер бар» делінген «Азхат» сүресінің 21-аятында. Бұл кеште де Пайғамбарымыздың өмірінен сыр шертетін уағыз әңгімелер қозғалды. Кеште жүректерге имандылық отын маздататын әсерлі әуендер де орындалды. Осындай әсерге бөлеген әндердің бірін «Нартай» өнер мектебінің директоры Құрманбек Бекпейісов шырқап өтті. Ал, Шиелі аграрлы-индустриялды колледжінің студенттері мен аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері бірлесе жасаған «Жетімдер үйі» атты көрінісі адамдардың жүрегін таза ұстап, бір-біріне деген жанашырлығының сауабы молдығын  еске салып, тәубеге келуіне үндегендей. 

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 
Шиелі кенті.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қаңтар 2017 г. 1 182 0