Шиеленіс картасына енген бірқатар мәселе шешілді

Шиеленіс картасына енген бірқатар мәселе шешілдіӨткен жылы ақпарат құралдары мен интернет ресурстарында көтерілген проблемалардың 112-сі облыс әкімі мен прокурорының шиеленіс ошақтары картасына енгізіліп, соның 64-і шешімін тапты. Оның ішінде жалақы қарызының қордаланған жағдайлары, еңбек және жер даулары бар. Түйіні тарқатылған мәселелер бақылаудан алынды. 
Өңірлік коммуникациялар орталығының брифингінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев, бұдан бөлек, тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесімен таныстырды. Респонденттердің 92,7 пайызы аймақта қалыптасқан жағдайды тұрақты әрі жақсы деп бағалаған. Экономикалық ахуалға 88,7 пайызының көңілі толады. Діни ахуал да тұрақты. Аймақта 173 діни ұйым қызмет атқарады. Соның 11-і – жергілікті діни бірлестік, 161-і – ҚМДБ-ның филиалы. 1991 жылы мешіттер саны 23 болса, бүгінде 159-ға жетті. 
– 1000-нан астам сайтты талдау нәтижесінде күмән келтірген 161-не қатысты материалдар Дін істері комитетіне жолданды. Комитет соның 105-не теріс қорытынды беріп, сот сараптамасын тағайындау және процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органға жүгінді, – деді А.Қайруллаев. 
Облыстағы 190 имам-молданың 10 пайызы – жоғары, 20 пайызы – орта білімді. Қалғаны мешіт жанындағы курстарда оқыған. Былтыр біліктілік арттыру курстарына 150-ден астам діни қызметкер қатысқан. «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде оқитын 15 студенттің оқу және жатақхана ақысы үшін бюджеттен тыс көздерден 4,8 млн теңге бөлінді. Басқарма басшысы халықты діни білімді интернеттен емес, имамдардан, ҚМДБ рұқсат берген кітаптардан алуға шақырды. 
Тілдік ахуалға да мониторинг жүргізілді. Соған сәй­кес мемлекеттік тілді меңгергендер – 99,2 пайыз, ағыл­шын тілін білетіндер – 13,1 пайыз, үш тілді қатар үйрен­гендер үлесі 12,4 пайыз екені анықталды. Шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергі­лікті атқарушы органдарда – 99,9 пайыз, орталық ат­қарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінде – 97,5 пайыз. 
2016 жылы ономастикалық атауларды жүйелеу мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасыз қойылған әлеуметтік нысандар мен көше атауларының базасы жасалды. Республикалық ономас­тика комиссиясының оң қорытындысымен 32 білім беру және мәдениет ұйымына атау беру және қайта атау туралы Үкімет қаулысы шықты. «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 72 топонимикалық атау енгізілді.
– Өткен жылдың басты оқиғасы – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Мерекені атап өту бойынша жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарланған шаралар толықтай орындалды, – деді басқарма басшысы. 
Назерке САНИЯЗОВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қаңтар 2017 г. 1 654 0