Суды үнемдеу сарабы

Суды үнемдеу сарабыАймақта топырақ құнарлығын сақтап, су көлемін тиімді пайдалану басты бағытқа айналуда. Мәселен, Қармақшы ауданында 25928 гектар суармалы жер бар. Оның ішінде 23050 гектар жер инженерлік жүйеге келтірілген. Осы жерлерді пайдаланып отырған шаруашылықтар құнарлы топырақты сақтап және су көлемін үнемді пайдалануды басты міндетке айналдырып отыр.
Жалпылай айтқанда, егістік жердің беткі қабатының тұздануы сол жерлердің мелиоративтік жағдайына кері әсерін тигізеді. Егістік жерлердің тұздануын болдырмау үшін алқапты уақытында сорын шайып, минералды тыңайтқышты өз көлемінде пайдаланған дұрыс. Сонымен қатар, қашыртқы каналдарын тазалап, егін алқабында пайдаланған суды шығарып отыру керек.
Қазіргі уақытта Қармақшы ауданына қарасты ірі шаруа қожалықтары жаңа заманға сай техникамен жұмыс жасауда. Яғни, итальяндық «Мара» лазерлік жер тегістеу құралын қолдану нәтижесінде егістік жерге берілетін су көлемін үнемді пайдалана отырып, егін өнімділігінен өте жоғары көрсеткішке жеткенін көруге болады. Осындай лазерлік жер тегістеу технологиясын қолға алып әрі қарай қолданысқа кеңінен енгізу – бүгінгі күннің талабы.
Ауданда суармалы егістік жерлер толық пайдаланылып отырған жоқ. Тұздану, батпақтану, суару және қашыртқы жүйелері істен шығу салдарынан пайдаланылмай жатқан егістік жерлер, қаражаттың жетіспеушілігінен игерілмей отыр­ған мелиоративтік жағдайы жақсы жерлер көлемі едәуір көп. Алайда шағын шаруашылықтар­дың тиісті қаражаты болмағандықтан, егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын сақтау және жақсарту мақсатындағы іс-шараларды өз күштерімен тиісті дәрежеде талапқа сай жүргізе алмайды. Сондықтан Үкімет тарапынан берілетін несиелерге қол жеткізу үшін майда шаруашылықтар кооперативтерге бірігіп, мемлекет қолдауын сезінулері қажет.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Қармақшы ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қаңтар 2017 г. 2 053 0