Соңғы күндері көп талқыланған мәселенің бірі – азаматтарды міндетті түрде уақытша тіркеу нормасы болғаны белгілі. Бұл мәселенің қоғамда қызу талқыланып, мемлекеттік органдар тарапына бірқатар сын айтылуына түсіністікпен қарауға болады. Өкінішке қарай, кейбір қажетті шаралардың дер кезінде атқарылмауы көрініс тапты.
Әрине, Заң қабылданған соң, оның жүзеге асуы шарт. Ендігі жерде басты міндет – азаматтардың тіркеуден өтуіне барынша қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта ХҚКО-лар қызметкерлерінің жұмыс күні ұзарды. Бұған қоса, олар азаматтарды демалыс күндері де қабылдап жатыр. Әрине, аталған шара еңбек заңнамасы сақтала отырып, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, операция залдарында көші-қон полициясы қызметкерлеріне арналған жұмыс орындары көбейтіліп, ХҚКО қызметкерлерінің ауысым графигіне өзгертулер енгізілді. Апта басынан бері азаматтарды жылжымайтын мүлкінің орналасқан орнына қарамастан, тіркеу мүмкіндігі қарастырылуда.
Тіркеуге қатысты барлық сұрақтардың жауабын Бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі арқылы алуға болады. Әрине, әлі де бірқатар мәселелердің бар екені рас, оларды жақын уақытта реттеу көзделуде. Ең алдымен, шамамен бір ай ішінде «онлайн» режимінде тіркелу мүмкіндігі қолжетімді болмақ. Сонымен бірге, азаматтардан міндеті түрде 2-форма бойынша (жылжымайтын мүлікке құқық туралы) анықтаманы талап етуді алып тастау жоспарлануда. Бұл тіркелу процесін 2 есеге дейін азайтуға қол жеткізбекші.
Бүгінде облыс орталығында ХҚКО-лар дүйсенбі-сенбі күндері сағат 8.00 мен 20.00 аралығында жұмыс істеу кестесіне көшті. Таңертеңмен жұмыс істейтін ХҚКО-лар тізіміне Қызылорда қалалық №1 (Мұратбаев көшесі, 2 «Е») және №2 бөлімдер (Тасбөгет кенті, Амангелді көшесі, 8 «А») қызмет көрсетуде.
Жуырда облыс орталығындағы ХҚКО жұмысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Ералиев арнайы келіп танысты. Қызметкерлермен және тұрғындармен пікірлескен халық қалаулысы орталық қызметіне оң бағасын берді. Қазіргі күні облыста 3883 азамат тіркеуге тұрған. Сондай-ақ, ХҚКО-да кезек күттірер адам саны да көп емес.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.